Өлеңдер ✍️
ТАЙЛАҚ БАТЫРДЫҢ ЖАРАЛЫ КҮЙІ
Өмірдің не жоқ дейсің базарында,
Шаттығың,
Бәрі сонда азабың да.
Сақталып домбыраның шанағында,
Қақталып жатады ғой таза мұң да.
Ретімен күн батады, таң атады,
Шапағы ойыңа ой жаматады.
Қос ішек сәтін тауып діріл қағып,
Күрсініп мұңды осынау оятады.
Сырына құлақ түрсең түлемелі,
Күй шіркін, қазағымның сүйенері.
Халқымның шаңырағын шайқалтпайтын,
Түсінген жанға сыйлы ірі өнері.
Кей-кейде жатамыз ғой әуенге елтіп,
Күмбірлеп тар кеудеден өлең дертіп.
Жоғыңды түгендейсің күй арқылы,
Барыңды шығарасың терең шертіп...
Түлкідей түгі жұмсақ айлалы епті,
Айнала жел соғады майда лепті.
Апыр-ау, соғыс бітті, шүкіршілік,
Ал, арда баһадүрлер қайда кетті?
Қазақта мінез де бар жайлауындай,
Кеңқолтық болмыстың бір тармағындай.
Үш жүз боп кейде өзді өзі шекіседі,
Бұрыннан қанықпыз ғой жайға мұндай...
Алқалы билікке де таласады,
Жатады қырдың шығып ала шаңы...
Кіші жүз қашаннан-ақ текті қыран,
Ұсаққа көз салмайды, тау асады.
Айнымай, бұл жолы да солай болды,
Елге де созды таңғы арай қолды.
Жеңістің даңқын жайып, сүйіншілеп,
Тұлпарға хабаршылар оңай қонды.
Байтақта тұяқтылар дүркіреді,
Бақыттан шың мен аспан күркіреді.
Бұлт жылжып, сұсты күндер шуақтанып,
Жүздерден жылы-жылы нұр түледі.
Құлайды алып таулар жанып барып,
Көкбөрі білдірмейді тарыққанын.
Еліне Тайлақ батыр жеке кетті,
Серікке Қондыбайды алып қалып.
Алтынның сынығында мін бола ма,
Бұлақтың тұнығында сын бола ма?
Қабарса қайран батыр жаралы еді,
Жігітке бұдан артық мұң бола ма?
Ер Тайлақ шыдамды еді пілдей неткен,
Ескермей соны осы күнге жеткен.
Қан майдан арпалыста қылыш тиіп,
Бұғана, қос қабырға бірдей кеткен.
Білдірсе кететіндей намыс
тозып,
Сол күйде болды батыр соғыста озық.
"Жетерміз!" деді елге қайсар Тайлақ,
Жарақат кетпесе егер оқыс қозып...
Құптады Қондыбай да дос сенімін,
Қуанып шын пейілмен қосқан үнін.
Сонымен, атқа мінген қос арыстан,
Жөнімен жолға шықты бас қамының.
Жол ұзақ... Ырғыз қайда, жұртың қайда?!
Көн етік құмға күйіп қырқылмай ма?
Жотаңа ыстық шілде май шыжғырып,
Байғыздар түн жамылып сұңқылдай ма...
Әппақ сор ыңырсиды сайға бөккен,
Ұшқан құс, жүгірген аң қайда кеткен?
Ырғызға Алакөлден екі айлық жол,
Мына құм тең ғой жерге жайған отпен.
Бұл сапар қиыннан да қиын болды,
Басқару оңай бұдан дүйім қолды.
Ит-тағдыр неткен қырыс, сайқымазақ,
Сынайтын тар соқпақта сүрінгенді.
Қалды артта талай ойпат, талай қырат,
Қуғанға жеткізе ме оңай мұрат.
Сексеуіл бүкшеңдейді жол бойында,
Сыңсиды қолын бұлғап, қурай жылап...
Тазқара көк жүзінде қалықтайды,
Ерте-кеш қалықтаудан жалықпайды.
Қос тұлпар жүнжіп бітті иір-иір,
Соғысқан тірсектері жонып қайғы...
Тар жерде құн сұрайтын құлағаннан,
Зият қой жануарлар кей адамнан.
Ішкі жан толғанысы, мал болса да,
Мөлдіреп көздеріне тұна қалған.
Қазақтың байтақ еді жері неткен,
Көркіне сұп-сұр көкті серік еткен.
Аяғың алға басқан көрінеді,
Секілді, жүрмек түгіл, кері кеткен...
Сөзге тарт, әзілге тарт, жүнде мейлі,
Көп болды Тайлақ мүлде үндемейді.
Асқынып жарақаты кетті ме екен,
Ол үшін ешкімді де күндемейді.
Не дейді тілім-тілім көк еріндер,
Нарларды көш-керуен шөгеріңдер.
Алты қаз сендер де түс көктен жерге,
Азырақ сәлем айтсын, бөгеліңдер.
Көз тіктеп батыр Тайлақ төңірекке,
Секілді айтты бір сөз - жеңіл өкпе...
"О, тәңір! Не істесең маған істе,
Жолына жалғызымның шөгір екпе!".
Бұл сағым... жаралының ішкі әлегі,
Тылсымның айта берер күшті әлемі...
Тыңдаған болды ма жан болмады ма,
Керуеннің өте берді қысқа легі...
Өтсе де басып талай жал-құмдарын,
Алда әлі қанша апат, қарғын барын
білмейтін жаратылыс - адам ғой тек,
Тілі бар әлемдегі жалғыз дарын!
Болмайды құдыреттің шеті-шегі,
Жылиды кейде кісі көкірегі.
Қаңғыған кәтепті нар алдан шығып...
Бұл да бір жаратқанның өкімі еді.
Қуанды бұл жағдайға екеуі де,
Жалғанып қу тірліктің кетеуіне.
Тайлақты нар үстіне жайғастырып,
Қондыбай алды аттарды жетегіне.
Азаптың жарып шығып дауылынан,
Қосылған сынды адамдар қауымына.
Сол күні қоналқалап, қара нарды,
Шөгерді Қостұраның бауырына.
Етегі - Бөген өзен, Қостұраның,
Осында шипа суың, тас бұлағың.
Тұлпарлар көкорайға үш күн аунап,
Қайшылап шыға келді қос құлағын.
Қызбелден келді бақсы-сынықшы да,
Жұтатын өнері бар қылышты да...
"-Ал, батыр, - деді бақсы, - сүйек сынған,
Сүйекті салу керек, дұрыс, шыда!..".
Кірісті бақсы жылдам өз ісіне,
Шуғын сап жындарының өрісіне.
Сүйектер сықыр-сықыр жайын тапты.
Күп болып сыймай тұрған терісіне.
Жарылып ер Тайлақтың жарақаты,
Азаптың бітті білем машақаты.
Бұғана, қос қабырға келді орнына,
Жақсы екен дүниенің саламаты.
Қызбел деп есім алған бұл бір ауыл,
Адамы жақсылыққа құмбыл ауыл.
Бурадай буырқанып шаң бүркетін,
Бар тағы бұл ендікте құмды дауыл.
Табиғат болмайды ғой соғыс құмар,
Десе де дүлейден тал, қамыс құлар -
Атанған "Арыстанды қарабас" деп,
Құм боран оқтын-оқтын соғып тұрар.
Өкініш айтып келмес сұрасаң да,
Қайтпайды жоқтан барды құрасаң да.
Не дауа қақ маңдайдан сәтін тауып,
Тебетін тағдыр атты шу асауға.
Адамның сырты бүтін, іші күйік...
Жайттар бар кететін де үсік ұрып.
Қондыбай опат болды абайсызда,
Өзіне өз найзасының ұшы тиіп.
Осы ғой жалғандағы ең күрделі,
Оқиға - жүрегіңді сор тілгені...
Иыққа жайсыз тиген улы қару,
Батырды "қош" деуге де келтірмеді.
Не дерсің уақытқа құйын мына,
Айналған адам жегіш жырындыға.
Қондыбай, қайран батыр қала берді,
Топырақ осы жерден бұйырды да.
Тайлаққа ауыр қайғы осы болды,
Не десін, қаруласы - досына енді.
Жол жүру - айқындайды мақсатыңды,
Қаншама қимағанмен есіл ерді.
Соғыс жоқ!
Тапты ел де, жер де тыным.
Шерт қазақ, күйің болса шертетұғын.
Жіберді қос тұлпарды бостандыққа,
Ер Тайлақ алып қалып ер-тоқымын.
Ал, сосын,
жүрекке бір жалын келді...
Не қалды? Көресінің бәрін көрді!
Ырғызды маңдай тұсқа нысаналап,
Жазылап қара нарды сағымға енді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇