Өлеңдер ✍️

  12.06.2026
  32


Автор: Оралбек Бек

Төрттағандар 14

 


Күні озған нәрсе ғой дін дегенің,
Жырын жырлап кететін бірдеменің...
Өріп жүрген періште, жын-шайтанға,
Өзімді өзім ешқашан құл демедім!


***
Атасының білмейтін кім екенін,
Анасының ұмытқан кім екенін.
Көктен түскен секілді діншілдер бар,
Мақтан еткен өзінің құл екенін.


***
Нағыз құлға ұқсайды бар болмысың,
Аспанға ұшып кеткен бе арман құсың.
Айтудай-ақ айттың ғой уытыңды,
Періштелер елінде болғанбысың?


***
Ей, ұлы Адам! Бар бақыт дінде ме екен?
Дін дегенің үлде мен бүлде ме екен?!
Мына заман қай заман? Сұқтанбашы!
Өлім иісі мүңкіген інге бекер!..


***
Діннің шөлі қанбайды күрең қанға!
Дәл осылай демеске шүбәң бар ма?
Хам менен Сам жеп жатыр бірін бірі,
Бұлар енді адам ба, жыландар ма?!


***
Күн қарайды аспаннан тесірейіп,
Жынның жолда қалғаны осы дейік...
Шаңқай түсте "хамас" пен "цахал" болып,
Қарғаларға жем болды екі жөйіт.


***
Құба дала, былқыған мұңды дала!
Бақ пен соры жарысқан құнды дала!
Абыз кеуде сырыңды шайқар еді,
Бұл күндері ой шала, шындық ала...


***
Өзен берсең, жаратқан, шулы өзен бер,
Құсы топан, дарақты, нулы өзен бер.
Сызға басқан бауырдың сыздауын-ай,
Құлақ тұстан сарқырап түрлі өзендер...


***
Кеуде тұста лапылдап жалын қалды,
Айтпасам да есімнен сытылғанын.
Қайда қоям қақ жарған қабырғамды,
Кірпігіңнің жүрекке жұтылғанын.


***
Өмір ғой бұл шулап жатқан сыны көп,
Шеңгелі көп, жантағының түрі көп.
Мың тікеннің арасынан шыққан гүл, -
Махаббаттың жақ ашпайтын жыры көп.


***
Қан ішпесе шөл қысатын аңсарын,
Қара жерде көп "бақытты" адамдар!
Қара көзің төгіп жатыр қанша мұң,
Білгің келсе жан жағыңа қараңдар!


***
Сұрқы кетті аспанның да, күннің де,
Көшкен бұлттан көрінбейді ай мүлде.
Таудың таңы айырыла гүрс етті: -
Бұл найзағай! Қайрат күшін көрдің бе!..


***
Мейлі, өрте, умаждаңдар, былғаңдар,
Жоғалт, таста, көрге терең қазылған.
Өшірсең де өшпейтұғын жырлар бар,
Кеңістіктің күркірімен жазылған.


***
Мына Иван жасты сенің атаңмен,
Тіл жөнінде салады кеп гөй-гөйді.
Керек пе еді? Ал, айтайын саған мен,
Қазақтардың иті орысша сөйлейді.


***
Аяз келді қызылындай жүзімнің,
Қара күшік мәз боп жүр өз деміне.
Терезеден қарап тұрған қызыл гүл,
Айқайлайды: "босатыңдар мені де!.."


***
Алақаншық күйін тартып термелеп,
Құйды ақ қар аспан астын сызғылап.
Тал-теректен кетті жерге дөңгелеп,
Уыс-уыс жүз жапырақ-жүз құлақ...


***
Күш қуаты таусылады зордың да,
Табиғатты мойындау да бір бақыт.
Тек махаббат қалады өз орнында!
Сол сезімді алмау керек ұрлатып!


***
Гүлдер де бар тасты жарып шығатын,
Бірақ, кім бар тағдырына үңілген. -
Ақылы бар нәзіктікті ұғатын,
Жігері бар жаратылған темірден..


***
Қыс та, жаз да кезегіне тәуелді,
Бірі келіп, бірі кетіп жатады.
Ай жүреді ізіменен әуелгі,
Күн шығады, қайта орнына батады.


***
Басқа шыққан қара шаш та көшеді -
Әжім-әжім құйқа ол да тозады.
Көргендіден сөз шығады көшелі,
Қызыл тілден болмайды енді озары...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу