Өлеңдер ✍️

  12.06.2026
  14


Автор: Оралбек Бек

Төрттағандар (8)

 


Қара тұмсық қарға-құзғын қарқылдап -
Қар бетіне қара бояу қаптады.
Төрге шыққан алапарлар арпылдап,
Атам қазақ өсиетін таптады.


***
Күн сөнбесе - ақырзаман ол да жоқ,
Қара жерге үрей сеппе қарағым!
Көк мешітте күңіренген молда көп,
Солардан күт бұл сұрақтың жауабын.


***
Қара нарлар мұқалмайды шөл қысса,
Адал жандар мұқтаж емес алғысқа!
Қара бала, қара қазан қамы үшін,
Кесек батыр өкінбейді оқ жұтса.


***
- Бармақ тістеп, күнді санап кеш батқан,
Неге, неге, шыға алмаймыз тастақтан?!
- Ұлтан болмай не болады ожданың,
Таптау, қорлау, келгеннен соң "бас" жақтан!


***
Қаңтардағы қызылшақа түндерге.
Қарғыс айттық қансыраған күндерге,
Бұған жауап берер күн бар түбінде,
Кінәлілер күлмеңдей түс, күлмеңде...


***
Дәптер жасап қазақтың кең аспанын,
Ақ құстарым жазып жатыр дастанын.
Намысыма қайрақ болған нарларым -
Батпан-арым сендерсіңдер достарым!


***
Тиеп алып кемеңе елдің наласын.
Жарық күнім, қайда лағып барасың,
Қиянаттан көз ашпаған бейбақтай,
Өз басыңды өзің неге шағасың!..


***
Ақ сөйле деп тіл берген де Жаратқан!
Бәрін көр деп көз берген де Жаратқан!
Мәздемдерді жаратқан да - Жаратқан.
Қандендерді жаратқан да - Жаратқан!


***
Қазағымда ұлдар да бар - сұр жебе,
Қыздар да бар қайсарлығы - бір төбе!
Өмір-өзен қисық ағып жатса да,
Дұрысын айт, жасқа шала үрлеме!..


***
Қызыл тілден қылыш соққан шеберлер,
Бәріне де көнер аспан, көнер жер.
Қаңтардағы қарды өртеген содырды,
Кетті ұмытып соқырлар мен кереңдер!..


***
Ай мен күннің сұрқы кетті демеңдер,
Арғымақ ат дода көрсе елеңдер.
Ширығады әрқашанда мұз шайнап,
Қанжығасы қан саулатқан өрендер!


***
Жүрдік атам-қазақ жүрген ізбенен,
Бұл жалғаннан не көрмедік біз деген...
Бәрінен де жақсы екен ғой, өксіген,
Бұл заманда жаннан күдер үзбеген.


***
Бірін бірі шалып жатқан қазақ бар,
Жаратқанға налып жатқан қазақ бар.
Ойлан, қазақ тесік болса төбеңде,
Алдарыңда тосып тұрған тозақ бар!..


***
Өрім қыздың неге қидың өмірін,
Көрмедің бе кекілінің өрімін!
Айтшы, ібіліс, жарық әлем алдында,
Содан сенің ұзарды ма, өмірің...


***
Атасының жұбанышы, ермегі,
Өрім ұлды неге аттың, жау ма еді?!
Уа, кеңкелес! Білмедің бе, өлсең де,
Сүйегіңді мүжитінін ар-жегі!..


***
Туған жерің қандай сенің елің, деп,
Келген жауға сыбағасын бергенбіз.
Екендігін сенім барда - өлім жоқ,
Көзбен көріп, көкірекпен сезгенбіз.


***
Секілді бір иреңдеген ішек құрт,
Тау бөктерін иректеп жүр ұсақ бұлт.
Қалбаң-қалбаң құзғындар да жүйке жеп...
Мен отырмын ойдың жібін шүйкелеп.


***
Буырқанып кейде қаның қызады,
Жүрек деген - тұтас жатқан тұз әлі...
Мына қаңқа елесі ме қалмақтың,
Бейбіт елдің шырқын неге бұзады?!.


***
Бір жеңіске жетті бүгін "атандар",
"Аманаттап" өзді өзіне жоспарын.
Бір біріне шапан жапты екі "Алдар",
Енді "қиқу" басталады... достарым!


***
Ояу жатып... түс көреміз бәріміз,
Кейде солай... торыққанда уақыттан.
...Итке неге жұмсақ біздің тәніміз?
Тек, жоруын икемдейсің жатыққан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу