Өлеңдер ✍️

  08.06.2026
  9


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Тәбәрік

 


Нәби Әкімжанұлының рухына


Мен бүгін өткен жайлы өлең өрем,
Сырласам кейде осылай көнеменен.
Ақын ба өзі жыр туып жүрегінен,
Бесікке оны бөбектей бөлемеген?


Уақытпен мен осылай қарысамын,
Анық қой көне күнмен табысарым.
Ойыма сол бір сәтте оралады
Шаруасын баптаған сары шалым.


Мінезі тіктеу еді бір көргенге,
Көнекөз болмашыға сыр берген бе?
Жаны оның жайлау еді ерінбестен
Тындырып шаруасын үлгергенге.


Есімде ойын қуған балаң мені
"Пішенге - шаруаға салам" деді.
Ақиқат, осы сөзі жақпай қалды...
Әлде ол ертеңіме алаң ба еді?


Өмірдің әр күні мен алды - сынақ,
Көрмедім үлкендердің қарғысын ап.
Арбаға отырғызып жүріп кетті,
Қылпыған қара балта, шалғысын ап.


Жаз еді күн күйдірген төңіректі,
Атамның сөзі - өткір, қолы да - епті.
Не керек, шаруамен есейтті ғой,
Жұмысқа салып қойып, сөгіп етті.


Мен бүгін сырласам да көнеменен,
Сағынып сары шалды өлең өрем.
"Болашақ ұрпағыма тәбәрік" деп,
Бір жазда үй қиды ғой бөренеден...


Еріншек жанына оның жуысын ба,
Ондайда аямайтын туысын да.
Айналып топыраққа өтті өмірден,
Оралмас замананың уысында.


Қыруар сары шалдан қалды мүлік,
Тәбәрік екендігін алдым ұғып.
Қылпыған қара балта жоқ қой бүгін,
Жүр дейсің кім қадірлеп, шалғыны іліп?


Көз салмай одан қалған сыйға бүгін,
Әр сәті есімде жүр дидарының.
Мұңаямын бөтенге қоныс болған
Көргенде бөренеден қиған үйін.


Ұқыптап ұстай білді мал-мүлікті,
Еңбекпен бұл қонысты салды мықты.
Уақыттың қисынына төзіп тұрған
Осы бір қолтаңбасын қалдырыпты...


ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу