Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
08.06.2026
4
Қолдан ақын болғаным жоқ...
Тағдыр өзі, өмір өзі қылды ақын-
Жақын қылды жүрегімді сырға тым.
Сездім бе екен ақиқаттың қымбатын,
Құмар болдым, ғашық болдым жырға тым.
Жүрек, көңіл, сезім, адам сырына
От-жүрегім, от-сезімім тым жақын.
Алғаным жоқ ақындықты сұрап та,
Басымды идім шындық атты қуатқа.
Жырмен бөлеп өмірімді шуаққа,
Келемін мен сүрініп те, құлап та.
Жақсылықты көрдімдағы сүйсіндім,
Жамандықты сездімдағы күрсіндім.
Озбырлықты ойып түсіп жыр-сүңгім,
Аярлықты аямауға құлшындым.
Ақын-жүрек сырқаттарға толы ғой,
Сырқатыңды сыр бермесең-білсін кім?
Жүрегімді өртеп жатқан бұл өлең,
Жоғым ба еді сұрап алған, тілеген?
Ақын болу арман емес,
Азап қой...
Сол азаптан жаным кейде жүдеген.
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
"МИЗАМШУАҚ" ЖЫР КІТАБЫ 2001 ЖЫЛЫ ҚЫЗЫЛЖАР 26-БЕТ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter