Шығармалар ✍️
Кітапты қалай оқыған дұрыс?
Соңғы жылдары кітап оқу тақырыбы қоғамда жиі көтеріле бастады.
Әлеуметтік желілерде оқылған кітаптар тізімімен бөлісу, оқу марафондарын
ұйымдастыру, кітап клубтарының көбеюі – соның айғағы. Мамандардың
айтуынша, кітап оқу адамның ойлау қабілетін дамытып, сөздік қорын
арттырады әрі ақпаратты саралау дағдысын қалыптастырады.Кітап оқу
өмірдің бір бөлшегіне айналғаны дұрыс. Бірақ сіз кітапты дұрыс оқып жүрсіз
бе?
Зерттеулерге сүйенсек, кітапты жүйесіз оқу оның пайдасын толық сезінуге
мүмкіндік бермейді. Психология және білім беру саласындағы талдауларда
оқырманның мақсат қоймай, тек көлем қуалап оқуы ақпараттың есте сақталу
деңгейін төмендететіні айтылған. Сонымен қатар, бірден бірнеше кітапты
қатар бастап, аяқтамай қалдыру да жиі кездесетін мәселе. Мұндай жағдайда
оқу процесі әдетке емес, уақытша әрекетке айналады.
Мамандар мен тәжірибелі оқырмандар кітапты тиімді оқудың бірнеше жолын
ұсынады. Олардың пікірінше, алдымен кітап таңдауда мақсат айқын болуы
тиіс. Мысалы, танымдық кітап оқырманның ой-өрісін кеңейтсе, көркем
әдебиет қиял мен эмоционалдық интеллектіні дамытады. Сондай-ақ оқыған
кітап бойынша қысқаша жазба жүргізу, маңызды ойларды белгілеу ақпаратты
ұзақ уақыт есте сақтауға көмектеседі. Константин Ушинский:“Кітап
оқу-мұның өзі әлі ештеңені білдірмейді,нені оқу және оқығанды дұрыс
түсіну-басты нәрсе міне осында”деген. Бірқатар сұхбаттарда кітап блогерлері
мен ұстаздар күн сайын кемінде 20–30 минут тұрақты оқу әлдеқайда тиімді
екенін атап өткен.Осы ақпараттарды жүйелей келе кітап оқу барысында
міндетті түрде орындалуы тиіс 5 ережемен бөлісе кетсек:
1.Кітап оқу барысында сергек отырған жөн.Ақпаратты ми шаршаңқы күйде
қабылдаса оны түсіну де, жүйелеу де оңайға соқпайды.
2.Кітапты дауыстап оқу оқырман үшін аса маңызды.Іштей оқу тек көзбен
оқумен тең,ал дауыстап оқу арқылы мәлімет жадыда сақталады.
3. 50 бет қағидасы
Кітап қызықтырмаса, соңына дейін оқудың қажеті жоқ. Кіріспе ұнамаса,
жауып, енді қайтып жоламаңыз деуден аулақпыз. Әуелі кітабыңыздың
алғашқы 50 бетін оқып шығыңыз. Мүмкін, ойыңыз өзгеріп қалар. Егер
ойыңыз өзгермесе, бұл кітапты жауып, келесі кітапқа көше беруге болады.
4. Қажет тұсын қайта оқуОқып шыққан кітабыңыздың белгілеп қойған тұстарын қайта оқып шығыңыз.
Бұл жүйе арқылы кітаптың айрықша тұстары мен негізгі идеясы үнемі
жадыңызда жаңғырып тұратын болады
5. Қарындашпен оқу
Кітапты қарындашпен оқуды әдетке айналдырыңыз. Егер кітаптың қажет
тұсын белгілеп, қоршап отырмасаңыз, ондағы құндылықтардың сізге тигізер
пайдасы шамалы. Әсер қалдырған, ой салған дәйексөздерді жазып қойыңыз.
Осылайша, құнды қазынадағы маңызды дүниелер есіңізде жақсы сақталатын
болады.
Дәл осы ережені растайтын дерекке сүйенсек: OECD ұйымының мәліметі
бойынша, күн сайын кемінде 20 минут кітап оқитын оқушылардың оқу
сауаттылық көрсеткіші сирек оқитын оқушыларға қарағанда 30-40 баллға
жоғары болады. Сонымен қатар, кітап оқуға белгілі бір уақыт бөлетін
адамдарда зейіннің шоғырлану қабілеті қалыптасатыны көрсетілген. Бұл
әсіресе оқушылар мен студенттер үшін маңызды фактор саналады.
Кітап оқу – тек бет санын көбейту емес, саналы әрекет. Дұрыс таңдалған
кітап, нақты мақсат және тұрақты оқу әдеті ғана оның шынайы пайдасын
сезінуге мүмкіндік береді. Оқу мәдениеті қалыптасқан қоғамда кітап тек бос
уақытты өткізудің құралы емес, ой мен көзқарасты дамытудың тетігіне
айналады. Кітапты қалай оқитынымыз – оның бізге қаншалықты әсер
ететінін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Кітапты қалай оқыған
маңыздырақ деген сұрақтың жауабы да осында жатыр.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇