Өлеңдер ✍️
Бәрі бірдей
Өз өзін Құдай санап есіретін,
Өз отын арсыздықпен өшіретін.
Көбейді адам емес, хайуандарың
Дүниемен дәрежені өсіретін.
Әлсізді әлі барлар басынады,
"Көргенсіз" теңіз болып тасынады.
Қоғамнан шынайылық күдер үзіп,
Жалғаннан менің жаным ашынады.
Асуға талант қолын сермейді де,
Талапсыз елге бақыт бермейді де.
Бастыққа ұнау үшін тырысқанның
Халыққа ұнағысы келмейді де.
Хақ жөнге салар тентек, тебізін де,
Бақ қонған елдің айтар лебізінде.
Сыйлама лауазымға қарап жұртты,
Адамның бәрі бірдей негізінде.
Құдірет болғанымен шабытымда,
Құзырет жүргізілмес уақытымда.
Білдей бір мекемені басқарған да
Жатады малшы жатқан табытыңда.
Кімің бар осы сөзге елеңдеген,
Ізім бар ұлы жолда тереңдеген.
Басында кесенелер тұрғызылған
Байлар да тар қабірді мекендеген.
Біреудің артық шығар нығметі,
Жоғары шығар, бәлкім қызметі.
Аллаға бәрі бірдей адамдардың,
Ешкімнің мәңгілікке жоқ құрметі.
Өйткені, өмірдің өзі мәңгі емес...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇