Өлеңдер ✍️
"Ауылда қызмет жолын бастасаң..."
"Қалада жетіскеннен жүр!" дейсің бе?
Ей, досым хал-жайымды көрмейсің бе?
Орнында тұрған болса өз ауылым,
Еркелеп көшесінде жүрмеймін бе?
Ауылым болмаған соң орынында,
Жырладым жеті атамның қорымын да.
Аузыма қолым жеткен шаққа келіп,
Қаңырап жүрмін шаһар қонысында
Картадан жойылған соң Амангелдім,
Жанымды шүберекке матап келдім.
"Ауылда қызмет жолын бастасаң..." деп
Айтқанды үнсіз тыңдап қала бердім.
Ақылын тыңдау қиын ақымақтың,
Жүрген соң сөзін сөйлеп атыраптың.
Өзінде тұрып, еңбек еткен бақыт,
Түтінін жұтып, қара шаңырақтың.
Елім жоқ, "Ауылға!" деп қайда барам?
Қиялға ерік беріп, айға барам.
Айқара құшақ ашып қай ауыл тұр?
Тасжүрек Қызылжарда жай да қалам.
Ауылдың орнын еш жер баса алмайды,
Алауым бөтен жерде жана алмайды.
Уақытша Қызылжарда күн кешемін,
Бұнда да талантым көп жата алмайды.
Тоқтатып жырын ауыл көктемінің
Тастаған саясатқа өкпелімін.
"Дипломмен - ауылға!" деп ұран салмас
Жандарға қол жеткізбес көктегімін
"Түбінде Алматыны мекендеймін!"
Жүректің дегеніне елеңдеймін.
Бармаймын ешқандай да ауылға мен,
Ойымды тек қалада жетелеймін.
Солтүстік құртты туған ауылымды,
Өзіме жат қып қойды бауырымды.
Тастамай теріскейде сүйегімді
Кеңсайда қаздырамын қабірімді.
Ал, досым енді мені түсіндің бе?
Сөзіне ақын ұлдың күйіндің бе?
Берілген Алматыға жан-тәнімен
Жынмен дос болғаныңа өкіндің бе?
Сен болсаң ауылды айтып өңірдегі,
Болмайтын жол көрсеттің өмірдегі.
Көп дейсің жалақысы, оны қайтем,
Боқ дүние бойымызды өсірмейді.
Сондықтан жапшы осы тақырыпты,
Саясат өз айласын асырыпты.
Шыншылдар шыға берген Амангелді
аулының берекесін қашырыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇