Өлеңдер ✍️
Егемен Қазақстаным
Төрге жетіп, жоғалмай қазақтығым,
Келешек деп жаңғырды азат үнім.
Бабам өткен сан жылдар бойы аңсап,
Екі дүние бақыты - Азаттығым.
Сол бақытты көп көрме, Жаратқаным,
Енді басқа төнбесін қара аспаным.
Іңгәлаған сәбидің шыққан үні,
Қуанышпен көрейін жарасқанын.
Аманат боп қалған соң бабамыздан,
Айрылмаймыз құндылық, сапамыздан.
Тәуелсіздік киесін насихаттап,
Ұлы көштің бағытын табамыз да.
Шұғыладан таң нұры тарағанда,
Бағым - елдің мүлкіне жарағанда.
Азаттықты мәңгілік сақтау қиын,
Майдандасып алуға қарағанда.
Шаң басылмай тарихи томдарымыз,
Деректерге жүгінсін қолдарымыз.
Тәуелсіздік сақталып қалу үшін,
Тәуекелмен түйіссін жолдарымыз.
Үлес қосып елімнің дамуына,
Сеп боп үміт отының жануына.
Тынбай еңбек етемін Қазақстанды
Бүкіл әлем ұлы деп тануына.
Қазақ ұлты - өлмейтін арымыз да,
Қазақ халқы - жүгі ауыр нарымыз да.
Ту, Елтаңба, Әнұран - ел нышаны,
Жоғымыз да, осылар барымыз да.
Көрген жоқпын өмірдің жамандығын,
Байқалмасын пенделік сараңдығым.
Аман болсын, Егемен Қазақстаным
Қажет емес өзімнің амандығым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇