Өлеңдер ✍️
Мәдениеттің қызметкері
Жамағатты артық көрген өзінен,
Айналасын жандандырған сөзімен.
Бұл дүниеге қарай білген шаттанып,
Баға жетпес руханияттың көзімен.
Таңғажайып болып тұрған қаласы,
Ертегі боп таң қалдырған даласы.
Әлеуметтік жайы нашар болса да,
Ғажап өткен мәдени іс-шарасы.
Қызықтырмас бұл жалғанның байлығы,
Дәулет деген болғандықтан қайғылы.
Елден биік тұрар іші бай адам,
Шайлығына жетпесе де айлығы.
Театр, музей, кітапхана – бақтары,
Сонда өткен ең бақытты шақтары.
Үш ғимарат ашпай қойса есігін,
Тау шағылып, сынған еді сақтары.
Арман болған көрмеген де, көрген де,
Ойды жақсы рухани кеш өргенде.
Мемлекеттің берекесі жоғалар
Мәдениеттің қызметкері өлгенде.
Артық болған патшаның да тағынан,
Қымбат болған ғалымның да бағынан.
Мәдениеті жоқ адамдар шыққанда
Жын-шайтанға қор болатын сахынам.
Кім естісін айтылса да базынам,
Талант төмен қалған байдың сазынан.
Тірісінде қорлық көріп өткенмен
Мәдениетті адам – асыл қазынам.
Кіші болсаң, үлкендерді ағала,
Рухы қайсар адамдарды жағала.
Жұрттың соңы болып қалғың келмесе,
Мәдениеттің қызметкерін бағала!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇