Өлеңдер ✍️
Ей, сүйкімді Адам!
Бүкіл адам жаралған өз теңімен,
Мадақталып махаббаттың шенімен.
Кім біледі? Менің жартым қайда жүр?
Жылытатын ішкі ыстық демімен.
Адамзатқа болғанымен сезім – ем,
Жалғызсырап бар әлемді кезіп ем.
Жүрегіңнен орын алған жанмын деп,
Бір сұлу қыз келетіндей сезінем.
Сол сұлулық қылығына жарасқан,
Ажарына Айдың өзі таласқан.
Жұлдыздар да жанталасып көруге,
Таң атқан соң көкжиектен әрі асқан.
Ей, сүйкімді Адам! Туған бағыма,
Жетелейтін ең бақытты шағыма.
Мәнсіз күндер өткізіліп жатқанда,
Өміріме берерсің көп мағына.
Жұбым қашан оралады өзіме?
Бағынатын әрбір айтқан сөзіме.
Жан дүниесі таңғажайып әлемде
Жазған жырдай көрінетін көзіме.
Ей, сүйкімді Адам! Сені сүйіппін,
Өзің үшін отқа түсіп күйіппін.
Қияли боп туғанымның белгісі –
Көрмесем де, Құтым деп ой түйіппін,
Ей, сүйкімді Адам! Сені сүйіппін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇