Өлеңдер ✍️

  27.02.2025
  116


Автор: Еркін Оралбайұлы

ӨЗІҢДІ ЖӨНДЕ

 


 


Мағынасын өмірдің түсіндік пе?


Текке өткізіп біз мəнін түсірдік пе?


Жүрегіңде иман боп таза жүрмей,


Кетеді екен зая боп ісің текке.


 


Артық сөйлеп салынсаң күпірлікке,


Қажет болмас қанағат, шүкір түкке.


Алла берген өмірді қадір тұтпай,


Суын ішкен құдыққа түкірдік те.


 


Білмей тұрып бір іске үкім етпе,


Қызарған бір алданып шөкім етке.


Ерініп тірлік етіп нан табуға,


Жауып жүрміз кінәні үкіметке.


 


Тірлік жаса пайда тап еңбек ет те,


Адал еңбек түбіне ендеп жет те.


Өз қолыңда өмірің, ұқсатып ал,


Жүре берме бостан-бос сенделіп те.


 


Кейбіреуден жаман деп тым үрікпе,


Бəрі бірдей болары шын "өлікте".


Көлік, үймен мақтанып баймын деме,


О, дүниеге кетіпті кім көлікте.


 


Осылайша салынып пенделікке,


Қаһарына Алланың сен ілікпе.


Өзге өмірде алдыңнан шығары хақ,


Садақа бер мұқтажға, кем кетікке.


 


Еркін Оралбайұлы 15.02.2018


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу