Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
27.02.2025
435
ҒАШЫҚ БОЛЫП
Көңіл кейде асып-толып,
Бір көруге асық болып.
Түн ұйқыңды төртке бөліп,
Көрдің бе сен ғашық болып?
Қиялыңмен қашық шолып,
Сағыныштан жасып, солып.
Кездескенше шыдам жетпей,
Мен де көрдім ғашық болып.
Ғашық болып, сезім шалқып.
Жүрек сүйіп, өзің балқып.
Махаббаттың айдынында,
Жүрген бақыт кезің қалқып.
Сағыныштан күнің өтпей,
Ұйқы қашып, түнің бітпей.
Бар сырыңды хатпен айтып,
Кездескенде үнің жетпей.
Қарай беріп, көзің тоймай,
Жан дүниеңді сезім бойлай.
Көргеніңше ғашық жанды,
Уақыт тоқтап төзім қалмай.
Сезім билеп самғай қалқып,
Басқа затқа қалмай уақыт.
Сүйгенді ойлап, күнің өтіп,
Ғашық болған қандай бақыт.
Еркін Оралбайұлы 14/01/18
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇