Өлеңдер ✍️

  24.02.2025
  189


Автор: Еркін Оралбайұлы

ЖҮРЕКТЕ БОЛСЫН ИМАНЫҢ

 


 


Түсінбеппіз өмірдің толық күйін,


Ой електен өткізсең шолып кейін.


Алла берген иманды нəсіп етпей,


Жаман іске тұрамыз болып бейім.


        


Алла беріп құранды, халық сыйын,


Арам іске нақтылап салып тыйым.


Таза жүріп иманды түзеп алмай,


Жұмақ төрін армандау анық қиын.


 


Деген ой жоқ құранды дəріптейін,


Енді ғана таныдым əліпбиін.


Әр адамға ескерту парыз болған,


Көрмесек деп қияметте ғаріп күйін.


        


Шайтан ісін құп алса еріп миың,


Теріс жолға итерер ерік, құйын.


Алла өзі адамды сынайды екен,


Бай болардай біреуге беріп бұйым.


 


Деген адам харамға елікпейін,


Санасында болады берік түйін.


Бұл дүниеде істеген жаман істер,


Ақыретте жүк болар келіп кейін.


        


Күнделікті есеп бер нақты ісіңе,


Күпір етпе, көп сөйлеп жақ түсіре,


Пəле-жала, жамандық таямайды,


Жаны таза күнәсіз ақ кісіге.


 


Имандылық мүміннің пəк ісінде,


Зікір етсе, Алла есімі тəпсісінде. 


Ондай жанды Жаратқан өзі қолдар,


Адал жүріп, ие болса нəпсісіне.


        


Əділдікпен момының шеш арызын,


Қолдан келсе кедейдің кеш қарызын.


Алла өзі жұмақтан орын берер,


Исламның ұстасаң бес парызын.


 


Күнə артар аулақ жүр, ойдан ұры,


Деген дұрыс ол ойды мидан құры.


Сөзің түзу, істерің адал болып,


Жүрегіңе орнасын иман нұры.


        


Еркін Оралбайұлы. 13.04.2018.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу