Өлеңдер ✍️
ҮШ ЖҰРТ
Бағы тайса астындағы тақ құлап,
Тірек болар іс түскенде сап құрап.
Көне көздер айтып кеткен жігіттің,
Үш жұртының бар екенін нақтылап.
Жігіт өссе қыз біткеннің көз құрты,
Батыр деген түзу болса сөз сұрпы.
Қуаныш пен қиындықта бір болар,
Бірінші жұрт, ер жігіттің өз жұрты.
Өз жұрты- ол ағайыны- бауыры,
Бір көтерген жүктің болмас ауыры.
Бірін- бірі батыр десе ұландар,
Ондай елден алыс жүрер жау, ұры.
* * *
Екінші жұрт ер жігітке нағашы елі,
Сыйламаса нағашыны сана кемі.
Қақ төрінен жиенім деп орын берер,
Қиындықта сол нағашы пана еді.
Құндылығы емес балта бағасынан,
Мықтылығы сабындағы ағашынан.
Демейді ме, риза болса біздің қазақ,
Жақсылығы ер жігіттің нағашыдан.
Нағашы қалқан, бауыры ту ұстары,
Тату болса барлығымен дұрыс бәрі.
Үшіншісі қарындасқа қорған болар,
Қайын жұрты, әйелінің туыстары.
Бос ұрылмас сілтегенде қайлаң жарға,
Жүрегіңде елім деген байлам барда.
Төсін тартып, сый қылар осы жұртың,
Күйеу бала сыйлаған деп пайғамбар да.
Бұл үш жұрты ер жігіттің үш қанаты,
Бақыт болып дүниеде құшқан заты.
Үш тірегін тең ұстаған ер жігіттің,
Аңыз болып ғасырларға ұшқан аты.
Жігітке атақ өзі іздеп келмейді ме?
Теңдей көрсе байды да, кедейді де.
Ренжітсе де жамандары, елден кетпе,
У ішсең де, руыңмен демейді ме?
Еркін Оралбайұлы 23.01.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇