Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  100


Автор: Еркін Оралбайұлы

МҮМКІН ЕМЕС ҰМЫТУҒА

 


 


Жақын жүрген сияқты ұры қуға,


Балықшының үйір ғой ұлы суға.


Қызығынан уайым көп бұл өмірде,


Мүмкін емес заттар көп ұмытуға.


 


Сезім келсе жүрекке буы тұна,


Есіңді алып мас қылар уытына.


Өшірсең де қозданып жана берер,


Махаббаттың құйсаң да су отына.


 


Қол салғандай суықта жылы суға,


Сезім кірер жаныңды жылытуға.


Жүрегіңде махаббат оты жанса,


Шамаң келмес көңілді суытуға.


 


Ақ шатырын алғандай құрып тауға,


Сезім көнбес асаудай құрықтауға.


Шын ұнатса бұл сезім кілтсіз ашар,


Тырыссаңда жүректі құлыптауға.


 


Жібергендей уытын құйып қанға,


Сезім алар біржола ұйып жанға.


Тек сүйгенді ойлаумен өткізерсің,


Түн ұйқыны көз ілмей, қиып таңға.


 


Көңіл бейне жеткізбес киік шаңға,


Ғашық болып сұлуды сүйіп самға.


Баурап алса бұл сезім соқыр қылар,


Көбелектей қалатын күйіп шамға.


 


Еркін Оралбайұлы 12.11.2018


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу