Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  670


Автор: Еркін Оралбайұлы

ЖАСЫҢ КЕЛСЕ ҚЫРЫҚҚА

 


 


Қырық жас өрге өрлер уағы тасың,


Қарасынан шашыңның ағы басым.


Жас кездегі албырттық артта қалып,


Ақыл тоқтап, санаға бағынасың.


 


Кейде аңсап өткенді сағынасың,


Зулап өткен бейне бір сағым жасың.


Көргеніңнен көрерің аз қалғанда,


Сонда ұғарсың өмірдің мағынасын.


 


Ілесе алмай уақытқа ілгерлеген,


Көп іс қалар артыңда үлгермеген.


Қиял-арман біртіндеп сөне берер,


Алма ағаштай көктемде гүлдемеген.


 


Қылшылдаған қызығып жасқа өктем,


Өткенді еске аларсың босқа өткен.


Қу тірлік деп жүргенде байқамассың,


Хабарласпай кеткенді досқа көптен.


 


Көңіл шіркін басылып, көкке өрлеген,


Кезің болар тағдырға өкпелеген.


Заманыңның өткенін ұғынарсың,


Естігенде қыз үнін көкелеген.


 


Бұтақ жайған бейне бір ала қайың,


Ұмытарсың үйді ойлап, дала жайын.


Үйде жүріп көңілді алаң билеп,


Сыртта жүрген болады бала уайым.


 


Еркін Оралбайұлы 1.08.2018


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу