Өлеңдер ✍️
ӨМІР ИІРІМДЕРІ
Жиналады көпшілік, ниет етіп,
Күн бұлттанып, жауынның жауғанын бұл.
Тасаттық қып, Алладан тілейді олар,
Қолташырлы ішінде бала да тұр.
Бұл халықтың НАНЫМЫ білсеңіздер,
Жаңбыр жауар лезде кеп, қара да тұр!
Жақсы көріп сәбиді, еркелетіп,
Лақтырамыз аспанға біздер кейде.
Сәби болса күледі, мәз болады,
«Қайта қағып алар» деп осы күйде.
Бұл сәбидің СЕНІМІ білсеңіздер,
Жүретұғын былдырлап әрбір үйде…
Кешке қарай ұйықтаудың алдында біз,
Іштей ғана жатамыз дұға тілеп.
Жақсылықты ойлаймыз, ертеңгі күн,
«Оянайық, — деп, аман» , соға жүрек.
Бұл біздегі ҮМІТ қой сөнбейтұғын,
Жаның барда кеудеңде, тұрар демеп…
Болса-дағы болашақ бұлыңғыр көп,
Жоспарларды құрамыз ертеңге біз.
Жарқын күнге қол созып, армандаймыз,
Жапырағы сарғайып келсе де күз.
Бұл — БАТЫЛДЫҚ бастайтын алға қадам,
Қиындықтар қаншама енсе де жүз.
Кезіксе де адамдар қанша сынға,
Үйленеді, отбасы құрып олар.
Дүниеге әкелер ұрпақтарын,
Пәк сезімнің ғажабын біліп олар.
Бұл — МАХАББАТ жүректі тебірентер,
Қуану бар, мұңаю, күйіп жанар… !
Біраз жасқа келген бір әйел адам,
Қарап тұрып сөйлепті өз қалпына:
«Мен өзімді сезінем, алпыс жылдық,
Тәжірибесі бар қыздай, он алтыда!»
Бұл не сонда, десеңіз, айтайын мен,
КӨҢІЛ жас қой, үн қатар бәз қалпында.
Иірімі өмірдің міне осындай,
Наным, сенім, үміт пен батылдық бар!
Махаббатпен қарайтын өмірге бұл,
Жап-жас көңіл, сөйлейтін ақындық бар!
Сыйластық пен ынтымақ үйлесетін,
Ағайын мен дос-жаран, жақындық бар!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇