Өлеңдер ✍️

  28.08.2023
  138


Автор: Шөмішбай Сариев

Көңілім әлі жүйрік

Қыруар нар-өркешті қырды асса да,
Қуат бар қуып жетер кім қашса да.
Көңілім әлі жүйрік тұлпардайын,
Еңсемді талай өткен жыл басса да.
Қуатым — кім-кімменен сай десіп ем,
Мен қалдым, о замана, қай көшінен.
Көңілім әлі жүйрік арғымақтай,
Өмірдің қала алмаспын бәйгесінен.
Кешегі өтіп кеткен арыстардай,
Арғымақ ауыздықпен алысқанда-ай.
Көңілім әлі жүйрік бәйге атындай,
Қосылар бабындамын жарыстарға-ай.
Арқаның толғай соққан дауылындай,
Жел толқып, боран борап сауырында-ай.
Көңілім әлі жүйрік жорғадайын,
Жер-жүйрік дөңгеленген бауырында-ай.
Бұл сырды басын шұлғып құптасқан көк,
Достарым — шау тартты деп сырт қашқан жоқ.
Көңілім — айдай нұрлы, күн шуақта,
Көңілім әлі жүйрік, бұлт басқан жоқ!
Толқисың — толқыныңмен кейін қалмай,
Тауындай — алдан туған көңіл барда-ай.
Тірлік-жүйрік, дәмі бар қайталанбас,
Әрбір күн, әрбір сәті — Өмір балдай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу