Өлеңдер ✍️

  26.06.2023
  66


Автор: Серікбай Оспанов

Пойыз өтіп барады...

Үйрендік қой күйге бұл:


Басып-жаншып даланы,


Әбжыландай бейне бір


Пойыз өтіп барады.


 


«Болар ма – деп, – бойға құт» –


Жоқ ешқандай алаңы,


Ойлар қалды ойланып,


Қырлар естен танады.


 


Таусылғандай амалы,


Таулар төмен қарады.


Сарыарқаның самалы


Түтін құшып қалады.


 


Қала мен ол ауылды


Жалғап өтіп барады.


Кесіп,


Тесіп тауымды


Самғап өтіп барады.


 


Жаңалықты, жаңаны


Сүйрей өтіп барады.


Қара жерге табаны


Тимей өтіп барады.


 


 


Тимегені табаны –


Мөңіретіп барады.


Еңіретіп даланы,


Өмір өтіп барады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу