Өлеңдер ✍️

  08.03.2023
  165


Автор: Айдар Сайлауов

* * *

Әлдиімен әрленген дастанды үзбеді,
Әлди-әлди ғұмырда жақсы әнді іздеді.
Қанатымен су сеуіп қара ала құстың,
Қанатының астына басқан біздерді,
Асыл анашым!
Жүрек мұңын сен ғана жасыра аласың!

Қиялыңды самғатып ертегі күнге,
Балалықтың бұрылмас желкені кімде!?
Мама қаздар секілді маңғаз мінезбен,
Асқар таудың көтерген еркелігін де,
Аналар қандай!?
Бақыт тілей салғаны балаға – балдай!

Сенер сезім аққуы ораларына,
Сенер кезім бақ күні оңаларына,
Жанын жөргек, жылуын жаялық қылып,
Қыз ғұмырын жасырған орамалына,
Анашым менің,
Сәби жүрегімнің де табасың емін!

Тағдырымды тұрса да сызып шыбығым,
Адам болар әлі де бұзықшыл ұлың,
Бала болып қызықты көрмеген анам,
Баласының көрсінші қызықшылығын.
Табам нұрыңды,
Тілеп өтем, кейуана, амандығыңды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу