Өлеңдер ✍️

  05.10.2022
  221


Автор: Түрікмен поэзиясы

ҚАЙДАН БІЛСІН ҚАДІРІН

Харазбанның қолына
Қонса келіп қаршыға,
Қанатынан айырар,
Қайдан білсін қадірін.
Жарқылдаған ақ алмас
Тиер болса жаршыға,
Оны шақпақ тас етер,
Қайдан білсін қадірін.
Шешен бола біле ме
Шербеттен дəм татпаған,
Сөз мəнісін біле ме
Əр нені бір оттаған.
Мəжнүн боп адасып,
Қайғы-мұңға батпаған,
Ай дидарлы Лəйлінің
Қайдан білсін қадірін.
Дем алудың не екенін
Біледі тек терлеген,
Жұрттан ала біле ме
Жұртқа ештеңе бермеген.
Жеті қырда жалғыз қап
Бір ашығып көрмеген,
Тандырдағы күлшенің
Қайдан білсін қадірін.
Қолдан шығып кеткен соң
Бағалайды дəулетті,
Сиреген соң қатары
Даралайды əулетті
Бір күн басқа түскен соң
Түсінеді нəубетті,
Сау кезінде саулықтың
Қайдан білсін қадірін.
Тереңдікті сезе ме
Тастамаған зəкірді,
Аңғалдарды көк теңіз
Тереңіне батырды,
Көрмеген жан тереңнен
Талды қармап ақырғы,
Қара жер мен құрлықтың
Қайдан білсін қадірін.
Арып-ашып көрмеген
Аттың сырын біле ме,
Көк шыбықты көзге ілмес
Жығылмаған дүреге,
Ала шөлін Алғидың
Көрмесе егер шүрегей
Айдын шалқар көлдердің
Қайдан білсін қадірін.
Ел дегенде енжарлау
Елден ұзап көрмеген,
Босағаны қайтсін ол
Бұйырған соң төр деген.
Туған жерден алыста
Ұйқысын төрт бөлмеген,
Отанында жүрген соң,
Қайдан білсін қадірін.
Жарлының бір тойғаны –
Шала байығаны ол,
Қанағат жоқ байларда,
болса дейді бəрі мол.
Түзге шықса тарпаңдар,
Қазып қояр тағы да ор,
Шабан неме жүйріктің
Қайдан білсін қадірін.
Мақтымқұлы, əлі де
Алдағыға алаңдар,
Мынау бес күн тірлікте
Табысайық жарандар,
Шалғайыңнан жармасқан
Өңшең нəмəрт,
Надандар
Мың айтсаң да сөзіңнің
Қайдан білсін қадірін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу