Бауыржан Әліқожа (Қалқатайым)

 Бауыржан Әліқожа (Қалқатайым)

Жайт екен ғой ғашықтық әсте әурелі,
Сол сұлуды сағындым Мәскеудегі.
Көз алдымнан сырғуда нелер елес,
Тебірентіп тәтті шақ жас кеудені.

Аңсарымды аудырып қарашығың,
Келтіретін көңілдің жарасымын,-
Қалқам, қалай көтеріп жүр екенсің,
Келбетіңе қадалған дала сұғын.

Жылы ұшырап көзіне баурағасын,
Мұңды етесің талайдың сау баласын.
Сымбатыңа иманмен суғарылған,
Бар әлемнің назарын аударасың.

Ойымдағы өзіңсің асыл үміт,
Ардақтысын етер ме ғашық ұмыт.
Көрсетпеймін әзірше сені ешкімге,
Жұрт көзінен жүре тұр жасырынып...

Қалқатайым жаралған ізгі арманнан,
Жүрегімді қайтейін сыздар болған.
Соның бәрі өзіңді сағынғаннан,
Соның бәрі өзіңді қызғанғаннан.

Куә етердей бойды алар назыңа ертең,
Сағыныштың шертуде сазын өлкем...
Мендік күйді жүрсің бе сен де кешіп,
Нәркес жанар, наз үнді нәзік еркем.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі