Естеу Нүсіпбеков (Тіл)

 Естеу Нүсіпбеков (Тіл)

Тіл — халықтың негізінің негізі,
Көштерінде шаңырақ артар өгізі.
Басқыншыдан басын қорғар қаруы,
Сегіз қырлы, сексен сырлы өгізі.

Тіл — халықтың тірлігінің тірлігі.
Қанын, тәнін бұзбай ұстар бірлігі.
Тіл — халықтың жанын көрер айнасы,
Ардай таза аппақ шаңқан кірлігі.

Өнерінің бәйгі бермес жүйрігі.
Қыранының қапы білмес сүйрігі.
Ғылымдағы, тірліктегі, заңдағы
Ең жоғарғы бұзылмайтын билігі.

Тіл — халықтың халықтарға көпірі.
Жер қайысқан қалың қолды нөпірі.
Елшілікте Ел атынан сөз ұстар,
Ел мен елді елдестірер өкілі.

Тіл — халықтың санатының санаты.
Шыңдар асып, ғарышқа ұшар қанаты.
Ақыл-ойдың, жан байлықтың көмбесі,
Көңілінің, өмірінің абаты.

Сол тілімді ту қып ұстап мен келем.
Ту тұтарға жан құрбандық, жан берем.
Тіл көркейсе көркейермін өзім де,
Ет кеудемде жан барында дем берем.

Тіл тұтыңдар, ту тұтыңдар, өренім.
Оңға бұрмай, солға бұрмай, перенім.
Ұста түзу, ұста шебер, ұста нық,
Штурвалын үлкен Ұлттық Кеменің.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді