Азалы адамдарды жұбатуға айтылған көріс (Қазақ ауыз әдебиеті)

 Азалы адамдарды жұбатуға айтылған көріс (Қазақ ауыз әдебиеті)

Базардан келген ақ жаулық,
Шетінен алдым қол жаулық.
Жылама күнім, сабыр ет,
Қалғанға берсін денсаулық.
Ақ көйлек кисе, бедер жоқ,
Ойласа, ойда нелер жоқ.
Жылама, күнім, сабыр қыл,
Өткендерден келер жоқ.
Жылама, күнім, жылама,
Жыламасқа бола ма?!
Жылама деген тоқтау сөз,
Жығылған терең тұра ма?!
Сұңқарың ұшты ұядан,
Жалама жартас қиядан.
Жазмыштан адам артылмас,
Жазуы болған сиядан.
Қамшының сабы бояма,
Бендесін Алла қоя ма?!
Бендесін Алла қойса да,
Қара жер бауыры тоя ма?!
Баланың ана данасы,
Алладан соңғы панасы.
Өлгенге тоқтау бола ма?!
Болмаған соң дауасы,
Отырсың ба қамығып,
Қайғыдан шапан жамылып.
Әлпештеп баққан анаңды,
Күнің бір өтті сағынып.
Ойпырмай, Алла, құдірет!
Басыңа түсті-ау қасірет.
Сұм ажалға амал не?
Артын ойлап сабыр ет.
Қанаты бүтін сұңқар жоқ,
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ.
Қайраттанып белің бу,
Жеңілмес қайғы атқан оқ.
Биссимилла сөздің басы мa?
Артын ойлап, тоқтау қыл,
Кім көшпеген бақиға.
Қайырлы болсын қазаңыз!
Сабырлы болсын азаңыз!
Өлмесе, қайда кетіпті,
Бұрынғы өткен бабамыз!
Қайғырам мен де қазаға,
Ортақ болып азаға.
Жылама, күнім, сабыр қыл,
Жазудан пенде қала ма?!
Дүние, шіркін, жалған-ай!
Жетпеген ешкім арманға-ай!
Жылама, күнім, тоқтау қыл,
Амандық берсін қалғанға-ай.
Биссимилла сөздің бас-аяғы,
Қайғысыз пенде жаси ма?
Бабасы өтіп дүниеден,
Жылаған екен Патима.
Жылаудан сонда уанған,
Қабырғасы қайысып.
Сахаба, нұрлар тыңдаған,
Тыңдағанда жылаған.
Арманда арман бір талай,
Бейіштің жолы кең сарай.
Талайлар өткен дүниеден,
Олардан енді біз қалай.
Өмірден қалқам, түңілме!
Сарғайып жасып бүгілме!
Қайғының қатты тұяғы,
Кім білед, бір күн жіби ме?!
Бұл өмір қандай жанға тұрақтаған,
Пендесі қалмады ғой жылатпаған.
Тоқтау қыл, қайраттанып қайырын сұра,
Бір ізде тұрмас дүние сырғақтаған.
Бабалар дүниені жалған дейтін,
Адамға жез тырнағын салған дейтін.
Келмейді кебін киіп кеткеннен соң,
Жылама, қайрат етіп қалған дейтін.
Тұтқиыл бұл қазаға қайғы жейсің,
Өлгенге иман, тіріге бақ бер дейсің.
Қайырын сұра артында қалғандардың,
Басы аман, бауыры бүтін кім бар дейсің?!
Жылаумен өтпес өмірің,
Тоқтау ғып айтқан көңілім.
Иман беріп өткенге,
Қалғанға берсін өмірін.
Зар қағып, қарғам, жылама!
Көзіңнің жасын бұлама!
Жылама деген тоқтау сөз,
Жыламай көңіл тына ма?!
Әкешің еді асыл тас,
Ойласаң, шығар көзден жас.
Жылама, күнім, дұға қыл,
Иманы болсын жан жолдас!
Қайырлы болсын қазаңыз,
Сабырлы болсын азаңыз.
Қиамет жақын деген екен,
Бәріміз де барамыз.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?