Ілияс Жансүгіров (Үйде қашан боламын?)

 Ілияс Жансүгіров (Үйде қашан боламын?)

Аяздатып, мұздатып,
Жолға шықтым жолаушы.
Шыққаныммен бұл жолға,
Үйде қашан болам деп,
Болармын күн санаушы.
***
Өйткені жолдан мекенім,
Әлдеқайда қызықты.
Сияқтанып барады,
Қалдырған соң қалқамды,
Қызықты жан, қылықты.
* * *
Қырға құстай талпынып,
Көксеуші едім даланы,
Бұрынғы күн осы еді,
Әлде үйде қызық жоқ,
Әлде жаным жаралы?
* * *
Міне, бүгін жол жаман,
Көрінеді көңіліме,
Келмейді жүргім жолаушы,
Кейін қайтқым келеді,
Өзгеріс не өмірімде?
* * *
Өзіме аян өзгеріс!
Бұрын үйден зәтті боп,
Сырдаң тартқан күн біткен.
Қазір кейін тартады,
Түзден үйім тәтті боп.
* * *
Жаным менің жаутаңдап,
Тұрды жаңа жанымда.
Сырты тоңып суыққа,
Іші өртеніп қызыққа,
Тұрды пойыз алдында.
Кірсіз таза жанымен,
Мен дегені жүзінде.
Жүгіріп леп қанымен,
Жақындығы жалындап,
Жақсы қарап көзімен.
* * *
Қош, қош! Күйгізіп,
Қалды сәулем сүйгізіп,
Қайтты кейін қалаға.
Еркелетіп, бұралтып,
Сүйген сайын құмартып,
Ұқсатып жас балаға...
Бұлдыратып мәшине,
Алып кетті кейінге,
Қарап тұрдым артынан,
Айырылғаным өзіңнен,
Батты қатты жаныма,
Жанға сол күн жеңіл ме?
* * *
Міне, келем жол тартып,
Жолда, жаным, шер тартып,
Болар қашан оралым,
Толтыруға көңілді,
Қызықтауға өмірді.
Үйде қашан боламын?

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?