Қазақша ертегі: Ермек » ZHARAR © 2016 | ертегі Ермек ертеги сказка на казахском, сказки на казахском языке для детей, қазақша ертегілер жинағы оқу, казакша ертегилер балаларга, сказки на казахском языке для детей скачать, Ермек, Ермек ертегісі




  • »

Қазақша ертегі: Ермек

Қазақша ертегі: Ермек казакша Қазақша ертегі: Ермек на казахском языке

Ертеде бір кемпір болыпты, оның жалғыз баласы болыпты. Баласының аты Ермек екен. Кемпір кедей екен, мал дегенде жалғыз көк сиыры бар екен.
Күндерде бір күн Ермек шешесін қалдырып, өзі оқуға кетеді. Айлардан ай, жылдардан жыл өткенде ол, бір қалаға жетеді. Сонда жүріп, әлде қалай базарға шыға қалса, бір шал сандық көтеріп жүріп: «Осы сандықты алған да арманда, алмаған да арманда», - депті. Ермек келе салып:
- Бұл сандығыңа не сұрайсың? - депті.
Шал:
- Сандығыма мың ділда сұраймын, - депті.
- Мә ақшаң! - деп, ақшасын санап беріп, сандықты аллып, хат жазып, шешесіне беріп жібереді.
Ермек онымен оқи берсін, шешесіне келейік.
Кемпір көк сиырдың ертеңгі, кешкі сүтін пісіріп ішіп күнелтеді. Баласын ойлап, анда-санда жылап қояды. Бір күні кемпірдің алдына баласы жіберген сандық келеді. Кемпір қуанып, соны жер үйге бүкшеңдеп, әрең көтеріп енгізеді. Сандықтың аузы бекітулі, кілті жоқ. Кемпір балталап, сандықты бұзады. Аузын ашып қалғанда, «ай десе аузы бар, күн десе көзі бар», қасы қиылған, аузы оймақтай, ерні жұп-жұқа, беті қып-қызыл, белі құмырсқаның беліндей нәп-нәзік, саусағы тезге салғандай сүп-сүйір, ортда бойлы бір қыз шыға келеді. Кемпір сасқанынан шалқасынан түсіп, талып қалып, әлдене уақытта есін жиып, сөзге келеді. Қыз кемпірмен сөйлесіп, мән-жайын білісті. Қыз базардан бір бояу алдырып, өзінің суретін салады. Бұл суретті кемпір базарға алып барып, сатып жүреді. Бір күні кемпір бір сурет алып шығып еді, бір жуан адам кемпірдің сұрағанын беріп, сатып алды. Екінші күні кемпір тағы да бір суретті алып, базарға шығып еді, кешегі жуан кісі көшеде аңдып тұрып, сұрағанын беріп, суретті тағы сатып алады.
Осының арқасында кемпір байып, бірнеше қатар тас үй салдырып, сән-салтанаты артады.
Бір күні кемпір базарға суретті алып шығып еді, баяғы жуан кісі соңынан қалмай еріп жүріп, кемпірдің үйіне келеді. Келіп қызды көріп, талып қалады. Әлдене уақыттан кейін есін жиып, қызбен сөзге келеді. Қызға: «ғашықпын!» деп сөз айтты. Бірақ қыз мұның сөзін қабыл алмайды. Онымен жуан қоймайды. Бірнеше күн ұдайы келіп, қызға сөз айтып жүреді. Қыз көнбеген соң, жуан кісі, Ермекке хат жазып, қызды жамандайды. «Сенің жіберген әйелің өңкей бозбалаларды қондырумен байыды. Үйің күніне қонақсыз болмайды», - дейді.
Мұнан соң айлардан ай өткен соң, Ермек үйіне қайтса, жер үстінен сипалап орнын таба алмайды: қаланың шетінен сұрастырып отырып, төрт қабатты биік тас үйге кіріп келіп о жақ, бұ жағына қараса, шешесі жүр. Жылап көрісіп, амандасып болған соң, екінші бөлмеге кірсе айдай ақ, бір сұлу қыз отыр. Қалтасынан қанжарды суырып алып өкпесінен салып, қызды терезеден лақтырып жібереді. Бұдан бірнеше күн бұрын осы үйдің жанында бір үйге дәрігер келіп жатыр еді. Шыңғырған әйелдің даусын естіп, екі күтуші әйелін біліп келуге жұмсайды. Екі әйел келсе, шала өліп жатқан әйелді көреді. Мұны дәрігерге айтып келеді. Дәрігер екі әйелді қайта жұмсап өлген әйелді алғызып бақылап еді, әйел өлмеген екен. Әйелге дәрі беріп, ертеңгісін дәрігер үлкен қалаға алып барып, емдеп жазады.
Ермектің ашуы басылған соң, шешесі жылап-еңіреп: «Не жазығы бар?» - деп баласынан сұрайды. Ермек шешесіне жуанның жазған хатының мазмұнын түсіндіреді. Шешесі оның өшігіп жазғанын айтады. Мұны естіген соң Ермек қолына темір таяқ алып, аяғына темір етік киіп: «Сол сұлуды не тірі табам, не соның жолында өлем!» - деп қаңғырып кетеді. Жылай-жылай кемпір сорлы қалады.
Бұл хабарды естіген соң баяғы жуан да: «Сол сұлудың жолында өлем!» - деп қаңғырып, о да кетеді.
Енді дәрігер мен қызға келейік. Дәрігер емдеп, қызды жазады. Енді ол қызға сөз айтып жүреді. Күндерде бір күні дәрігер:
- Емдеп, өлім аузынан алып қалдым, маған ти, - дейді.
Қыз:
- Жарайды, тиейін, ойын-сауық жаса, гармонь, биші әкел, той қыл! - дейді.
Дәрігер өлеңші, биші әкелуге кеткенде, қыз амалын тауып, қашып кетеді. Дәрігер өлеңші, биші алып келсе, қыз жоқ. «Сол қызды қалайда табам, жолында өлем!» - деп, бұл да қуып шығады:
Қыз күндерде бір күн, бір топ қойшыларға жетеді. Келісімен екі қойшы төбелесе бастайды. Төбелесінің түрі - біреуі:
- Мына қызды мен алам!
Екіншісі:
- Жоқ, мен алам! - дейді.
Қыз:
- Мен ерге тисем, екеуіңе тимеймін, біріңе-ақ тиемін. Сондықтан екеуің жарысып барып, анау көлден су әкеліңдер, қай бұрын әкелгеніңе тиемін, - дейді.
«Жарайды» деп, екі қойшы суға кеткенде, қыз жөніне жүріп кете барады.
Қойшылар келсе, қыз жоқ. Сандарын бір-бір соғып: «Бұл қызды көрген де бір, жолында өлген де бір!» - деп, қойды тастап қуып кетеді.
Күндерден күн өткенде, қыз жалғыз қойшыға келеді. Шаршап-шалдығып келген ол қойшының қойыртпағын ішіп, есін жинайды. Есін жинаған соң, қойшының бір қойын сатып алып, сойып, таз қарнын басына бөрік қылып киіп, қойшының киімін сатып алып, оны киіп, қайыршы болып, қыз жөніне жүріп кетеді. Қыздың қарасы үзілген кезде, қойшыға ой түседі: «Осы мен жындымын ба? Әлгі оңаша келген сұлуды қоя бергенім не? Қой! Қойы да құрсын, бүйтіп көрген тіршілік те құрсын! Әлгі қызды қуып жетіп, тауып алайын!» - деп, қойды тастай беріп, қыздың соңынан қуып береді.
Ол онымен кете берсін. Әңгімені қыздан бастайық.
Қыз қайыр сұрап жүріп, бір үлкен шаһарға келеді. Келсе жиын той.
- Бұл не? - деп, шеттен келіп біреуден сұрайды.
- Бұл еліміздің ханы өліп, соның орнына хан сайлауға жиналыс болып жатыр. Ханның дәулет құсы бар, соны ұшырады. Сол кімнінің басына қонса, соны хан қылмақ, - дейді.
Көптің бәрі келіп тұрды. «Тазша» да тұра қалды. Ұшырған дәулет құсы келіп, «тазшаның» басына қонады. Ханның дәмелі болып жүрген уәзірлері: «Мына шіркін алжыған ба?» - деп, қайта ұшырады, ол тағы да «тазшаның» басына қонады. Уәзірлер үшінші рет ұшырады, ол тағы да «тазшаның» басына қонады. «Тазша» болып жүрген қыздзды амалсыздан әкеліп, хан етіп қойды.
Қыз жайланып таққа мініп алған соң, үлкен етіп қыз түріндегі суретін түсіріп, қалаға келетін қырық жолдың түйіскен торабындағы құдықтың басына суретін үлкен тақтайға шегелеп қаққызып, күзетші қояды. «Кімде-кім осы суретті көріп, не жыласа, не күлсе, маған алып кел!» - дейді. Хан жарлығы екі болмайды. Айлардан ай, жылдардан жыл өткеннен кейін бір жуан кісі келіп, құдықтан су ішіп тынығып, суріретке көзі түсіп: «Уһ... Мынау қайдан келген?» - дей бергенде, қарауылшы ханға сүйреп алып барады. Хан оны өлместей етіп күтетін жерге жібереді. Мұнан кейін енді бір жолдың түйісіне арып-ашып, Ермек келеді. Келісімен су ішіп, мейірі қанған кезде артына айналса, сүйген жарыныың суреті көзіне түсе кетеді. Көре салып «Уһ!» деп, талып кеткенін өзі де білмей қалады. Күзетші жағасынан ұстай алып ханға алып бармақшы болады.
- Ой, жаным-ау, не жазығым бар? Құдығыңның суын ішкенге кінәлы болдым ба? - дейді Ермек.
- Жоқ, жүресің, ханға беретін жауабың бар! - дейді қарауыл.
Әкелген соң хан таниды да:
- Мұны жақсы қонақтарды, төрелерді күтетін жерге апарып күтіңдер, - дейді.
Сонымен, аз күннің ішінде қызды қуып шыққан дәрігер де, баяғы үш қойшы да келеді. Бұлардың бәрін әкеліп ханның қарамағына күтуге тұрғызады.
Күндерде бір күн хан қол астындағы халықты жиып, тұтқындарға сот құрғызады. Әуелі жауапты жуаннан бастап, аяғын Ермектен шығарады. Бұлардың әрқайсысы көрген-білгендерін, не іздеп шыққандарын, қайда келіп, не себепті қолға түскендерін түгел айтып береді. Бұлар сөзін бітірген соң қыз бетіндегі пердесін алып:
- Мені танисыңдар ма? - дейді.
Әрқайсысы өз кінәларын айтып, кыздың аяғына жығылады. Барлық пәленің жуаннан шыққанын жұрт көреді. Жуанды аттың құйрығына байлатып өлтіреді. Дөрігерге қанша алтын мен ат, шапан айып беріп, оны жөніне жібереді. Қойшыларды да түрлі сый-сипат беріп, елдеріне қайтарады. Қыздың өзі Ермекке тиіп, оны өзі хан қылып өзі ханым болып, мұраттарына жетіпті.
Қыз әуелде бір ханның қызы екен: сұлу болған соң әркім сөз айтып, алам деуші, қызығушы көбейген екен. Хан қайсысына берерін білмей тұрғанда қызы рұқсат сұрап:
- Мені ешкімге айтпай, сандыққа салып біреуге сатқыз, көп сұрасын, кім ерлік қылып сатып алса, соған тиейін, - деген екен.
Сол сөзді әкесі қабыл алып, қыздың өміріне жететін алтынмен сандыққа салып, базарға жіберген екен.



Жүктеу батырмасы 77 секундта ашылады!!!
Қалай жүктеймін?

Санат: KZ портал » Қазақша Ертегілер жинағы | | 1 054
Рейтинг:
(голосов: 0)

.

. .