Ертегі: Ермек

Ертегі: Ермек казакша Ертегі: Ермек на казахском языке

Ертеде бір кемпір болыпты. Оның жалғыз баласы болыпты. Баласының аты Ермек деген екен.

Кемпір кедей екен, мал дегенде жалғыз сиыры болыпты. Ермек шешесін калдырып өзі оқуға кетеді. Айлардан ай, жылдардан жыл өткенде бір қалаға келіп жетеді. Сонда жүріп әлдеқалай базарға шыға қалса, бір шал бір сандық көтеріп жүріп: «Осы сандықты алған да арманда, алмаған да арманда»,– депті. Ермек келе жатып:

— Бұл сандыққа не сұрайсың? – депті. Шал:

— Сандығыма мың ділда сұраймын, – дейді.

— Мә ақшаң! – деп ақшасын санап беріп сандықты алып, шешесіне салып жібереді. Ермек сонымен оқи берсін, шешесіне келейік.

Кемпір көк сиырдың ертеңгі-кешкісін сүтін пісіріп ішіп күнелтіп, баласын ойлап анда-санда жылап қояды. Бір күні кемпірдің атына бір сандық келеді. Кемпір сорлы қуанып, жер балағанға бүкшендеп, әрең көтеріп енгізді. Сандықтың аузы жабулы, кілті жоқ. Кемпір балталап сандықты бұзады. Аузын ашып қарағанда бір ай десең аузы бар, күн десең көзі бар, қасы-көзі қиылған, аузы оймақтай, ерні жұп-жүқа, мұрынның қанындай қып-қызыл, белі нәп-нәзік құмырсқаның беліндей, сүп-сүйрік саусағы бар, үріп ауызға салғандай, орта бойлы бір қыз шыға келеді. Кемпір сасқанынан шалқасынан түсіп, талып жатып, әлден уақытта есін жиып алып, сөзге келді. Кемпірмен мән-жайын білісіп қыз базардан қағаз бен бояу алдырып, өзінің суретін салады. Бұл суретті кемпір базарға апарып сатып жүрді. Бір күні кемпір бір сурет алып шығып еді, бір жуан адам келіп, кемпірдің сұрағанын беріп алды. Екінші күні кемпір тағы да суретті алып базарға шығып еді, кешегі жуан кісі жолда андып тұрып, суретті сұрағанын беріп тағы алды.

Осының арқасында кемпір бұрынғыдай емес байып, бірнеше қатар тас үй салдырып сән-салтанаты күшейді.

Үшінші күні кемпір базарға суретті алып шығып еді, баяғы жуан кісі соңынан қалмай еріп жүріп отырып кемпірдің үйіне келді. Келіп қызды көріп талып қалды.

Әлден уақытта есін жиып алып, қызбенен сөзге келді. Қызға жақсы етіп сөз айтты. Бірақ қыз бұның сөзін қабыл алмады. Онымен жуан қоймады. Бірнеше күндей келіп қызға сөз айтып жүрді. Қыз әбден көнбеген соң, Ермекке хат жазып қызды жамандады. «Сенің жіберген әйелің өңкей қонақ, бозбалаларды қондырумен байыды. Үйің күніне қонақсыз (бозбаласыз) болмайды», – деді. Мұнан кейін айлардан ай өткен соң Ермек үйіне қайтса, үйі баяғы үй емес, жер балаған жоқ. Орнын сипалап таба алмай, қаланың шетінен сұрастырып отырып төрт қабатты биік тас үйге кіріп келіп, о жақ бұ жағына қараса, шешесі жүр. Жылап көрісіп, амандасып болған соң екінші бөлмеге келсе, айдай бір ақ сұлу қыз отыр. Қалтасынан қанжарды суырып алып өкпеден есіп жіберіп, терезеден лақтырып жібереді. Бұдан бірнеше күн бұрын осы үйдің жанындағы бір үйге бір дәрігер келіп жатыр еді. Шыңғырған әйелдің дауысын естіп, екі күтуші әйелін біліп келуге жұмсады. Келіп екі әйел өліп жатқан әйелді көріп дәрігерге айтып келді. Дәрігер екі әйелді қайта жұмсап өлген әйелді алғызып бақылап еді, әйел өлмеген екен. Әйелге дәрі беріп, ертеңгісін дәрігер үлкен қалаға апарып емдеп жатады.

Ермектің ашуы басылған соң, шешесі жылап-еңіреп: «Не жазығы бар?» – деп баласынан сұрады. Ермек шешесіне жуанның жазған хатының мазмұнын түсіндіреді. Кемпір оның өшігіп жазғанын айтады. Мұны естіген соң Ермек қолына темір таяқ алып, аяғына темір етік киіп: «Сол сұлуды не тірі табам, не соның соңында өлем», – деп каңғырып кетті. Жылай-жылай кемпір сорлы қалды. Бұл хабарды естіген соң баяғы жуан да: «Сол сұлудың жолында өлем», – деп қаңғырып о да кетеді.

Енді дәрігер мен қызға келейік. Дәрігер емдеп қызды жазады. Енді қызға сөз айтып жүреді. Күндерде бір күні дәрігер: «Емдеп жазып, өлім алдынан алып қалдым, маған ти» – дейді. Қыз:

— Жарайды, тиейін, ойын-сауық істе, биші әкел, той қыл, – дейді. Дәрігер өлеңші, биші әкелуге кеткенде қыз «далаға шығып келейін» деп қашып кетеді. Дәрігер әнші, биші алып келсе, қыз жоқ. «Сол қызды не табам, не жолында өлемін», – деп бұ да қызды қуып соңынан шығады.

Қыз келе-келе күндерде бір күні екі қойшыға жетеді. Келсе, екі қойшы төбелесіп жатыр екен. Төбелесінің түбі бірі «қызды мен алам», екіншісі «қой, мен алам» дейді. Қыз: «Мен енді тисем екеуіңе тимеймін, біріңе-ақ тием. Сондықтан екеуің жақсылап анау көлден су әкеліндер, қай бұрын келгендеріңе тиемін», – дейді.

— Жарайды! – деп, екі қойшы суға кеткенде жөніне жүріп кете барады. Екі қойшы келсе, қыз жоқ. Сандарын бір соғып: «Бұл қызды көрген де бір, көріп тұрып арманда қалғаннан, жолда өлген де бір», – деп, қойды тастап екеуі қуып шығады. Күндерден күн өткенде қыз бір жалғыз қойшыға келеді.

Шөлдеп, шаршап, талып келген кісі қойшының қойыртпағынан ішіп жанын шақырады. Есін жиған сон қойшының бір қойын сатып алып сойып, таз қарынын жуып алып басына бөрік кылып киіп алып, қойшының киімін сатып алып киіп, қойшы тазша болып жөніне жүріп кетеді. Қыздың қарасы үзілген кезде қойшыға ой түседі. Қойшы:

— Жаным-ай, мен жынды ма? Әлгі оңаша келген сұлуды қоя бергенім не? Қой, қойы да құрсын, малы да құрсын, бүйтіп көрген тіршілік те құрсын, әлгі қызды қуып жетіп ұстап алайын, – деп қыздың соңынан қойды тастай беріп қуып береді.

Олар онымен кете барсын. Әңгімені қыздан бастайық. Қыз қайыр сұрап жүріп отырып, бір үлкен шаһарға келеді. Келсе, жиын-той, «бұл не» деп, шеттен келіп біреуден сұрай қалады. «Бұл еліміздің ханы өліп, оның орнына хан сайлауға жиылыс болып жатыр. Ханның дәулет құсы бар, соны ұшырады. Сол кімнің басына қонса, соны хан қылмақ», – дейді. Көптің бірі болып тазша да тұра қалады. Дәулет құсты ұшырғанда келіп қыздың басына қонады. Ханнан дәмелі болып жүрген уәзірлер: «Мына, шіркін, алжыған ба?» – деп қайта ұшырады. Тағы да қыздың басына қонады. Уәзірлер тағы да үшінші рет қайта ұшырады. Тағы қыздың басына қонады. Амалсыздан қызды әкеліп патша қойды. Қыз жайланып таққа мініп, патша болған соң, үлкен етіп қыз түріндегі суретін түсіріп, қалаға келетін қырық жолдың түйіскен жері бар еді, осы жолдың үстінде бір құдық бар еді, осы құдықтың басына жаңағы суретін үлкен тақтайға шегелеп қаққызып қойып, күзет қояды. «Кім де кім осы суретті көріп, не жыласа, не күлсе маған алып кел»,– дейді. Ханның жарлығы екі болмайды. Айлардан ай, жылдардан жыл өтіп, жыл мүкәмәліне жеткенде бір жуан кісі келіп, құдықтан су ішіп, тынығып суретке көзі түсіп кетіп: «Уһ, мынау қайдан келген», – дей бергенде күзетші ханға сүйреп алып барады. Жан өлместей-жітпестей етіп күтетін жерге жібереді.

Мұнан кейін енді бір жолдың қиылысынан арып-шаршап Ермек келеді. Келісімен су ішіп құдықтан мейірі қанған кезде артына айналса, сүйген жарының суреті көзіне түсе кетті. Көре салып, «уһ» деп талып кеткенін өзі де білмей қалды. Күзетші жағасынан ұстай алып ханға тартты.

— Жаным-ай, не жазығым бар? Құдықтың суын ішкенге кінәлі болдым ба? «Жоқ, жүресің, ханға беретін жауабың бар!» – деді күзетші. Әкелген соң хан таныды да:

— Мұны жақсы қарандар да, төрелерді күтетін жерге апарып күтіндер! – деді.

Сонымен аз күннің ішінде қызды қуып шыққан дәрігер де, баяғы үш қойшы да келеді. Бұлардың бәрі келтіріліп, ханның қарамағында күтуде тұрады.

Күндерде бір күні бұлардың сотын жасауға халықты жиып, жауапқа шақырады. Әуелі жауапты жуаннан бастап, аяғын Ермектен шығарады.

Ұстаудағылар әрқайсысы көрген-білгендерін, елдерінен не үшін, не іздеп шыққандарын, қайда келіп, не себепті қолға түскендерін түгелдей айтып береді. Бұлар сөзін бітіргеннен соң қыз бетіндегі пердесін алып: «Мені танисындар ма?» – дейді.

Әрқайсысы өз кінәларын айтып аяқтарына жығылады. Мәселенің, барлық пәленің жуаннан шыққанын жұрт көреді. Жуанды аттың құйрығына тақтырып өлтіртеді. Дәрігерге қанша алтын мен ат-шапан айып беріп жөніне жібереді. Қалған қойшыларды өз қойына жіберіп, Ермекке өзі тиіп, орнына хан қып қойып, өзі ханым болып мұраттарына жетіпті. Қыз әуелде бір ханның қызы екен. Сұлу болған соң әркім сөз айтып алам деуші, қызығушы көбейген екен. Хан қайсысына берерін білмей аңтарылып тұрғанда қызы рұқсат сұрап айтқан екен: «Мені ешкімге білдірмей сандыққа салып біреуге базарға сатқыз, көп ақша сұрасын, кім ерлік етіп сатып алса, соған тиемін», – деген екен. Сол сөзді әкесі қабыл алып, қызының әміріне жететін алтынмен сандыққа салып, базарға жіберген екен.



Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Ертегілер жинағы, ертегі Ермек туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки Ермек для детей на казахском языке, балаларга Ермек арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер, ертегилер Ермек казакша оку, Ермек, ертегі Ермек туралы ертеги казакша сказка на казахском сказки Ермек для детей на казахском языке балаларга Ермек арналган кызыкты ертегилер 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер ертегилер Ермек казакша оку Ермек, Ертегі: Ермек ертегі оқу Қазақша Ертегілер жинағы Қазақша Ертегі казакша ертегилер казакша ертеги сказки на казахском языке сказки на казахском языке онлайн