Сапар бата, жолаушыға тілек, бата

Сапар бата, жолаушыға тілек, бата

Көштерің көлікті болсын,
Жолдарың көрікті болсын,
Қоныстарың құтты болсын,
Босағасы мықты болсын,
Ауру-сырқаудан аман болыңдар.
Бастарыңа айырылмас бақ қонсын,
Мейірбанды Алла сендерге жақ болсын!
Әумин.

Оң болсын, балам, сапарың,
Молықсын дәмің, татарың,
Туған елің тапсырған,
Парызын өте Отанның.
Барып келіп жатыр ғой,
Өзіңдей жастар – қатарың.
Халықтың сүйген тірегі,
Сом темірдей білекті,
Арыстандай жүректі,
Анаңның сүтін ақтай біл,
Бере гөр деп тілекті!
Әумин.

Жолыңды Алла қолдасын,
Жаманшылық болмасын.
Серті мен сөзде тұратын,
Сенімді болсын жолдасың.
Жолыңды кесем дегендер
Ешқашанда оңбасын.
Сәтті болып істерің,
Жақсы болсын түстерің,
Жортып бір жортып жеткенде,
Жомарт болып төсегің.
Жұғымды болсын ішкенің
Көрмеген жерді көріп қайт,
Қайрылып сәлем беріп қайт.
Ырзығың сыртта шашылса,
Оны да түгел теріп қайт.
Айдарыңнан жел есіп,
Желіп барып, желіп қайт.
Бақ қосылып басыңа,
Дақ түспей ар мен бағыңа,
Сау-саламат өзіңмен
Кездесейік тағы да.
Әумин.

Оралуың тез болсын,
Қасқа жолдың бойында.
Қыдыр бабам кез болсын,
Өзің жайлы жат елде.
Жылы-жылы сөз болсын.
Көре алмаған дұшпанның,
Екі көзі без болсын.
Кесілмесін тұлпарыңның тұяғы,
Қайырылмасын сұңқарыңның қияғы,
Барған жерде құшақ жая қарсы алсын,
Жақсы адамдар, жайсаң жандар зиялы.
Жалпақ емес:
жақсы жермен танысқын,
Алла жебеп ұшқан құспен жарысқын.
Көңілің шат, ат-көлігің арымай,
От басыңмен аман-есен табысқын.
Әумин.

Бақытты бол, қарағым,
Қара көзім маралым.
Алтыннан болсын тарағың,
Күмістен болсын жарағың.
Қуаныш, күлкің тыйылмай,
Жарқырай берсін қабағың.
Мақтанышы бола біл,
Ата менен анаңның.
Тілегіңе жете бер,
Оңыңнан есіп самалың.
Әумин.

Бес қаруың сайлы болсын,
Жортқан жолың жайлы болсын.
Күнің шығып, жарқырап,
Түнің тыныш, айлы болсын,
Ішкенің зәмзәм суы боп,
Ұртың толы майлы болсын,
Бір Алла өзі жебесін,
Аруақтар демесін.
Ғайып Ерен, қырық Шілтен,
Тигізсін дәйім себесін.
Нұх пайғамбар алдыңнан,
Теңізде тоссын кемесін.
Алтын күнде алты айлық,
Арымай-талмай жол алғын,
Аман-есен оралғын,
Қазіргідей қол алғын.
Әумин.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады
Пікір жазу
Пікірлер 2
  1. ақ жол бата
    ақ жол бата 12.08.2021 17:29
    1 + 4 -
    Ақжолтай тілек тілейін,
    Бір АЛЛА өзі қолдасын.
    Жолыңды ашсын күн игің,
    Еш жамандық болмасын.

    Жолаушы саған жол болсын,
    Ақ жолың кеңнен мол болсын.
    Ойлаған мақсат жеткізіп,
    Игі ісің әркез оң болсын!

    Сәтті қадам тілейік жолаушыға,
    Медет сұрап Жаратқандай қолдаушыға.
    Ақ жол, бақ жол, сақ жол, нақ жол болсыншы
    Тапсырдық ақ ниетті жолдаушыға.
    Қара нөсер жаумасын күннен ерек,
    Толтырып қайт жеңісті гүлге себет.
    Ақ жолтай тілек ашық жолыңды ашсын
    Аман барып сау қайтқаның бізге керек.
  2. Айнура Манатбекова
    0 + 1 -
    аумин

Ілмектер: сапар, бата, тілек