Менің денсаулығым – менің болашағым


         Тақырыбы: «Менің денсаулығым – менің болашағым» 

Мақсаты:  

·         Оқушыларға денсаулық, салауатты өмір салты қағидалары туралы түсінік беру. 

·         Оқушылар бойына гигиеналық талаптарды және салауатты өмір салтын ұстануды, оны насихаттауды қалыптастыру, зиянды дағдылардан бойларын аластату. 

·         Оқушыларды тазалыққа, жанашырлыққа, белсенділікке, дене тәрбиесіне баулу. 

Әдісі: түсінік беру, сұрақ жауап. 

Көрнекілігі: суреттер, цититалар т.б. 

Сабақ барысы: 

І. Ұйымдастыру бөлімі.
 Оқушылармен амандасу, түгелдеу.

ІІ. Мағыналы сөз, мазмұнды ой . 

       Оқушылар, бүгінгі «Менің денсаулығым – менің болашағым» атты тәрбие сағатымыз «Денсаулық күні» акциясы аясында өткелі отыр. Бұл акцияның ұраны: «Салауатты өмір салтын сақтайық!» 

       ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деген жолдауында «Салауатты өмір салтын ұстану және өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілік қағидаты денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясат сияқты, халықтың күнделікті өмірінің де ажырамас бөлігі болуы керек.» 

       Акцияның мақсаты – салауатты өмір салтын ұстануға қоғамның, бұқара халықтың назарын аудару. 

       Денсаулық – ол әрбір адамның бойындағы ерекше бір күтімді қажет ететін өзіндік бір ерекше нәрсе. Жер бетіне шыр етіп келгенде Жаратқан Иеміз деңізді сау, мүшеңізді аман етіп жаратады. Сол Жаратқан Иеміздің аманатына қиянат қылмай, тәніңе жара салмай, денсаулығыңызды сау қылып ұстау өз қолдарыңызда. Ол қалай? 

     Ес біліп, етек жиған уақыттан бастап, ең алдымен, денеңізді суықтан қорғап, спортпен айналыссаңыздар, бір жағы денеңіз мығым, шымыр, бір жағы денсаулығыңыз мінсіз таза болады. Денсаулығыңның бір қалыпты болғаны деген сөз, ол жарқын болашағыңның айнасы деген сөз. Егер сіздер өз денсаулықтарыңызды күтіп ұстай алмасаңдар, болашақ – деп алға ұмтылғаннан не шара, бәрібір денсаулығың сыр беріп, артқа тарта береді. Мінеки, құрметті оқушылар, сондықтан да денсаулықтарыңызға дәл бүгіннен бастап үлкен мән берейік. Өйткені, мынау келер өмірдің иесі тек қана – біздер! 

       Қазіргі таңда көптеген жастарымыз өз өміріне, өз денсаулығы мен жарқын болашағына өз қолымен балта шауып жүр. Ол қалай деуіңіз мүмкін. Ендеше мында қараңыз. Арақ ішіп, шылым шеккен жастарымыз осының дәлелі емес деп кім айта алады. Біреулер қызық көріп, шегіп көрейінші деп бастап алады да, соңынан қоймай жүреді. Ал біреулер өмірден түңілдім деп ішімдіктің соңына салынып жүргені. Алға ұмтылудың орнына,құдай маған оң көзбен қарамады деп керісінше, Жаратқан Иемізге нала айтып жүргені. Сонда, олар өмірден түңілдім деп, өз денсаулығына мән бермей жүре берсе, оған қайдағы біреу барып, сақадай-сай денсаулығын әкеліп бермейді ғой. Жаратқан Иеміз айтпай ма «Сақтанғанды сақтаймын», деп. 

«Бақыт» деп жатамыз. Ал, сол бақыт деген не өз?! Меніңше, бақыт деген – сенің денсаудығың. Денсаулығыңның бәрі ойдағыдай болатын болса, қалған бақытты да, байлықты да өз қолыңмен жасауға болады. Қол-аяғың сау, көзің көріп, құлағың естиді. Бойыңда қаның жүріп, жүрегің жұлқынып тұр. Ендігісі бәріне белгілі. Біліп алып, қызмет қыл. Басыңа баспа ал, астыңа көлік мін, міне, саған байлық. Ата-анаңды қадірлеп, сыйлап, тума-туыс, бауыр, жолдастарыңның жанында аман-есен жүрсең, оларға көмектессең, міне, саған бақыт! 

ІІІ. Халық даналығы, ұлылар үндеуі. 

1.    Циталармен жұмыс. 

«Дені сау адам – табиғаттың ең бағалы туындысы»  Т.Корлейль 

«Жер ғаламшары біздің үйіміз ғана емес, біз оның бөлінбейтін бөлшегіміз…» 

В.И.Вернадский 

«Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық ақ жаулық, үшінші байлық он саулық»
халық мақалы 

2.    Мақал-мәтелдермен жұмыс. 

·         Аман болса бұл басым, 

Тағы шығар бұл шашым. 

·         Арық семіреді, ауру жазылады. 

·         Ауру батпандап кіреді, 

Мысқылдап шығады. 

·         Ауру қалса да әдет қалмайды. 

·         Ауруын жасырған өледі. 

·         Байлық байлық емес, 

Денсаулық — байлық. 

·         Бірінші байлық — денсаулық, 

Екінші — байлық он саулық, 

Үшінші байлық — ақ жаулық. 

·         Денсаулық — зор байлық. 

·         Денсаулық кепілі — тазалық. 

·         Жаның сау болса, сорлымын деме, 

Тәнің сау болса, жарлымын 

·         Көзің ауырса қолыңды тый, 

Ішің ауырса аузынды тый. 

·         Қай жерін ауырса, жаның сол жерінде. 

·         Он екі мүшең сау болса, 

Сәулет емей немене, 

Он саусағың сау болса, 

Дәулет емей немене. 

·         Қотыр қолдан жұғады, 

Таз тақиядан жұғады 

·         Сынықтан басқаның бәрі жұғады 

·         Тәні саудың — жаны сау. 

·         Тісі ауырғанның көңілін сұрама. 

·         Ұйқы тынықтырады, 

Жұмыс шынықтырады. 

·         Емнің алды — еңбек. 

3. Салауатты өмір салтын құрайтын факторларға (денсаулық дегеніміз не, жеке гигиена, гимнастика, туризм, денені шынықтыру, т.б.) тоқталу. Оқушылар өз беттерімен осы факторларға мәлімет береді. 

Халықта мынадай дана сөз бар: 

«Ақша жоғалтқаның – ештеңе жоғалтпағаның,
Уақыт жоғалтқаның – көп нәрсе жоғалтқаның,
 Денсаулық жоғалтқаның – бәрін жоғалтқаның».

Денсаулыққа кері әсер ететін факторларды атаңдар: 

1.     Қоршаған орта ластығы. 

2.     Дұрыс тамақтанбау. 

3.     Тұқымқуалаушылық. 

4.     Денсаулық сақтау шараларының төменгі сатыда болуы. 

5.     Зиянды заттарды қабылдау. 

6.     Тазалықты сақтамау. 

7.     Отбасындағы кері жағдайлар. 

8.     Адамда стресс жағдайы жиі болуы. 

Денсаулыққа дұрыс әсерін тигізетін факторлар: 

1.     Дұрыс тамақтану. 

2.     Қоршаған орта тазалығы. 

3.     Дене шынықтыру. 

4.     Денсаулық сақтау, медициналық көмектің сапасының жоғары болуы. 

5.     Зиянды заттарды қабылдамау. 

6.     Жеке бастың тазалығын сақтау. 

7.     Қоршаған ортаға, табиғатқа, қоғамға, адамдарға деген дұрыс көзқараспен қарау. 

8.     Эмоциялардың оң болуы. 

4. Денсаулыққа қатысты тақпақ-өлеңдер оқу. 

1. Денсаулыққа кір келтірме, бауырым,         

Көтере біл өміріңнің ауырын. 

Бақыт, байлық өзі келер сырғанап, 

Қуанышпен өтсінші тек дәуірің. 

Түсінгейсің бұл өмірдің жалғанын, 

Талмай ізде, көтер өмір салмағын. 

Мансап қуып, қайтсем өсіп-өнем деп, 

Денсаулыққа зиян тауып аламағын. 

 

2. Өмір екі берілмейді адамға,                 

«Халық» – деген айғай тұрсын санаңда. 

Елің үшін, жерің үшін жан қисаң, 

Затың кетсе, атың қалар ғаламда. 

Таза ауа, спорт болсын дәріміз, 

Еңбек етіп келгенінше әліміз. 

«Алға!» – деген бір-ақ мақсат ұстанып, 

Болашаққа аттанайық бәріміз. 

 

IV . Қорытынды. 

Мінеки, оқушылар, бақыт, байлық барлығы да айналып келгенде сенің денсаулығыңа байланысты болып келеді екен. Ендеше, барлығымыз өзімнің, елімнің, жерімнің болашағы дейтін болсақ, осы бастан ойланып, арақ деген айдаһардан аулық болып, тәніңді будан, өкпеңді улайтын никотин деген бәледен сақ болайық! 

Менің денсаулығым – менің болашағым деп тек қана ауызбен ғана айтып қоймай, бірден іске көшіп, болашақ халықтың бағы үшін барлығымыз атсалысайық. 

Өмірің болсын десең сенің сәнді, 

Ойланып, айналаңа қара мәнді. 

Адам бол, білімі асқан, өнері асқан, 

Өзіне сүйсіндірер басқа жанды. 

Салауатты мақсатың – өмір сүру, 

Өмірдің мағынасын керек білу. 

Ішімдік, нашақорлық сенің жауың, 

Пайдасы сол – бұл жолдан аулақ жүру. 

Ел, жер аман болса, сіздер де, мен де аман, оқушылар! 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?