Өлеңдер ✍️

  27.09.2022
  405


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Кеше, не деп

Кеше, не деп сыр айттыңыз сіз маған?
Ережем жоқ, мына өмірде бұзбаған.
Кешегі асқақ армандарың қайда деп


Ары күлді, бері күлді күз маған.
Күздің күліп тұрғандығын кім көрді?
Айдың жылап егілгенін түн көрді.
Мен ешкімге бере алмаймын босатып,
Жалғыздық деп аталатын түрмемді!
Жұпынылау, қитұрқылау өмірім,
Шарапсыз- ақ, мас болатын көңілім.
Ала мысық кесіп өтсе түсімде,
Бақыт мені іздеп жүр деп жорыдым...
Сайтани да қылық білем не түрлі,
Ісім де көп құдайға да өтімді,
Жыр оқимын көк тәңірге күбірлеп,
Құбыладан теріс бұрып бетімді.
Теріс айналып кетпейді екен күн неге?
Әппақ болып кетпейді осы түн неге?
Бүгін тағы үнсіз күттім мен сізді,
Сырласуға болады ғой түрмеде!


Келмесеңіз, келер деген сөз өлді...
Мен сүймеймін, өмір деген гөзелді.
Түрмемменен қағысам да, жұтамын,
Соңғы тост, сөз құйылған көземді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу