Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  135


Автор: Темірше Сарыбаев

АҒАЛАР ОРНЫ БІР БӨЛЕК

Қап-қара бұлттар бауырлап,
Түрткілеп түнек маңайды.
Еңсесі елдің ауырлап,
Езіліп жерге қарайды.
Тоғанға келіп тоғысқан,
Секілді ме еді, тоспа су.
Шошыдық па әлде соғыстан,
Шошытты бәлки, қоштасу?!
Тұтылып тұрды жарық ай,
Бақшамыз өркен жайғанда.
Ауылды қалдық танымай,
Ағалар кетті майданға.
Сүйріктей ұлын қия ма?!
Үлкен мен кіші үрейлі.
Орал – деп, – есен ұяңа!
Екінің бірі тілейді.
Қорықтық соққан дауылдан,
Күркіреп өткен күннен де.
Сатырлап құйған жауыннан,
Мезгілсіз солған гүлден де.
Ұмытқан жоқпын соны мен,
Ағалар – арыс, айбар-ай!
Топылған қыздар тобымен,
Тойлардан қайтты-ау сайрамай!
... Шалдыққан шақта келдіңдер,
Көп күткен Ұлы Жеңіспен!
Үйлерге нұр боп ендіңдер,
Ағалар – арман-періштем!
Мұң шағам жақын сырласқа,
Жанымды жайсаң жыр бөлеп.
Әкеңнің жөні бір басқа,
Ағалар орны бір бөлек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу