Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  54


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

ӨҢІМ СЫНЫҚ

Жалғай алмай жырымды
өңім сынып,
Өңім сынық – келемін өмір сүріп.
Шайқап төгіп шаттықты, мұң-налаға
Жүрегімнің қойыппын төрін ұсынып.
Сағыныш-шер жанымды
билепті ерен,
Сүлдерімді әйтеуір сүйреп келем.
Мұң өптірген маған тек мына жалған
Ыржалақты орынсыз үйретпеген.
Сақ-сақ етіп күледі сайқал қоғам,
Санасызға сықпыты байқалмаған.
Бүгежектеп бөрінің бөлтірігі
Келімсекке шағымын айта алмаған.
Еңсе басып елеусіз батпан қайғым,
Ұрын келсем ұрымтал
шақты аулаймын.
Бөрілігім байқаусыз түзде қалып
Түлкі өмірге таланып жатқандаймын.
Тоғышарлар толассыз арды жалмап,
Рухым елес секілді сәл қылаңдап.
Баяны жоқ тәуелсіз ғұмырымды
Тәуелді етпек біреулер қарғыбаулап.
Арғымақ ем атыздай, сере жалы.
Күндерімнің кетіп тұр неге мәні?
Баянсыздау бұлыңғыр,
бұлдыр күнмен
Баян іздеп алысып келем әлі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу