Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  101


Автор: Алмагүл Жұмажанқызы

Асаулығым өзіме жарасады

Қиқар болғам қырғидай жастығымда,
Жастыққа жарасады мас қылық та.
Шапалақ та бетіне талай тиген,
Жаулаймын деп ұрынған қасқыр ұлға.
Пәктігім бе, кім білсін, сақтығым ба?
Бөгеу салған бейдауа жат шуылға.
Селік еткенін сездіріп дір ететін,
Әпербақан айғайшы тақсырың да.
Қатыгез болма дейтін-ді, қарақтарым,
Қате емес, жаныма жын жолатпауым.
Арманшыл азабыма куә бүгін,
Тілеген тиянаққа қонақтауым.
Пейілім кең, әрине, пері емеспін,
Сан рет сағымдармен ерегестім.
Жұдырық жұмсағандар пейіліңнен,
Ибамды бүлдірме деп төбелестім.
Асаулығым өзіме жарасады,
Бойсұндырар бұғауға сен емессің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу