Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  92


Автор: Рза Қунақова

Есінен оның кетпеді...

Есінен оның кетпеді,
Ағаның айтқан сөздері.
Қырық үшінші жыл көктемі,
Ерекше болды, сезбеді.
Жаралы болып майданнан,
Сұлтанхан солдат оралды.
Су ағып жыра, сайлардан,
Сыр бойы гүлге оранды.
Көргенін айтып еліне,
Жас солдат шертті əңгіме.
Келген соң туған жеріне,
Шырқады шаттық əнді де.
Бөлінбей жастар тобынан,
Қуантты туған ауылын.
Əйелдер майдан жолынан,
Күтеді жарын, бауырын.
Бір солдат келсе соғыстан,
Бүтін ел бірге қуанған.
Тағдыры бір тоғысқан,
Сөзге де жылы жұбанған.
Отырмады айтып жарасын,
Сұлтанхан үйде бекерге.
Аяйды кəрі анасын,
Жалғыз қалған кештерде.
Жұмысын алып ананың,
Ана үшін өзі атқарды.
Ауасын жұтып даланың,
Аралады кейде бақтарды.
Бір күні көктем кешінде,
Қыздарды көрді ол əн салған.
Жастығы түсіп есіне,
Атыз бойынан қарсы алған.
Тіл қатпай сонда Ұлбала,
Байқамай оны кеткен-ді.
Сыр бермей оған бұлдана,
Жақындап, жанап өткен-ді.
Жігіттің көзі найзағай,
Сөгетін аспан көбесін.
Қадалып тұрса найзағай,
Бойжеткен оған не десін?
Ұлбала жайын əркімнен,
Сұлтанхан біліп алған-ды.
Тосатын жолын əр күні,
Ұнатып оны қалған-ды.
– Болайын жарың қаласаң,
Тілегі де сол шешейдің.
Жүрекке салма жара сан,
Еңбекпен ерте есейдің.
Қашпаймын мен де еңбектен,
Көрейік бірге бейнетін.
Ақ күрішті мен де еккем,
Білемін азап, бейнетін.
Сұлтанхан сырын жасырмай,
Ұлбалаға ақтарды.
Солдат сөзі жасындай,
Жылауға қыз шақ қалды.
Əйтсе де қыздың жүрегі,
Ниетті жақсы қостады.
Қабыл боп жігіт тілегі,
Тойлады тойын достары.
Екеулеп іске кірісті,
Табылды жердің бабы да.
Тонналап алды күрішті,
Ұлбала біздің тағы да.
Үздік болған Ұлбала
Артельді өзі басқарды.
Мамандар керек бір ғана,
Жіберді оқуға жастарды.
Қарамай түрлі сылтауға,
Болса да үйдің жағдайы.
Оқуға түсті Сұлтан да,
Астана барып арнайы.
Қуанды оған Ұлбала,
Бітірер болса мамандық.
Бұл үйге керек бір ғана,
Агрономдық мамандық.
Істейді жұмыс тынбастан,
Салқынмен кейде түн қата.
Табыспен талай жылды асқан,
Совхозында ол «Сунақата».
Шарықтап алға кетті арман,
Көмекке келді химия.
Қырық бес центнер гектардан
Өнім ап, күлді ол жымия.
Жыл өткен сайын баптады,
Ақ төсін Жер-ананың.
Ел сенімін ақтады,
Анасы он үш баланың.
Жыл өткен сайын жаңарып,
Тұрмыстың артты сəні де.
Өмірде күнде жаңалық,
Ұмтыласың жедел əріге.
Сүйеміз ана – Отанды,
Аясы толы бақытқа.
«Батыр ана» атанды,
Ұлбала осы уақытта.
Алпыс төртінші жыл арайлы,
Қуанышын мол сыйлаған.
Бұл үйден бақыт тарайды,
Үлгісін еңбек жинаған.
Кездессең бір сəт дауылға,
Ойлайсың, əсте, кім жеңер?
Оралсейіт туған ауылда
Мелиоратор-инженер.
Білгір маман Оралхан,
Күлшат, Күлшай – мұғалым.
Нағыз батыр бола алған,
Ананың сырын ұға біл.
Еңбекті сүйді жанымен,
Есейді бірге еңбекпен.
Ананың аппақ арымен
Өмірдің өзін тербеткен.
Мақтасам егер несі мен,
Диқаншы батыр Ананы?
Ұлбаланың есімі
Ел ішіне тарады.
Биіктерден биікке,
Ұлбала жылда өрледі.
Ардақтады сүйікті ел,
Еңбектегі «Ер» деді.
Еңбегін елеп халқымыз,
Паш етті туған еліне.
Бағалау біздің салтымыз,
Қол соқтық Еңбек Еріне.
Өңірінде қос Жұлдыз,
Жарқырайды ананың.
Үйінде он үш ұл мен қыз,
Бабын да білген даланың.
– Еріміз, – дейді ел мұны,
Еңбекте өсті ол сақайып.
Ұстазы оның белгілі
Академик – Ыбырай Жақаев.
Өсе берсін ұл-қызың,
Намысты қолдан бермедің.
Жарқырасын Жұлдызың,
Жана берсін еңбегің!
Берері көп туған жер,
Жыл емес күн, айыңа.
Екі мəртебелі Ер –
Ұлбала Алтайбаева!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу