Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  133


Автор: Исраил Сапарбай

ТАСБАҚА МЕН ШАЯН

Қол алысып, серт байласып, төс қаға
Дос болысты Шаян менен Тасбақа.
Есі бар жан қол қусырып жатар ма,
Екеулесіп шықпақ болды сапарға.
Тасбақамен келе жатып аяңдас
Аянбастан сырын шертті Шаян дос:
«Менен артық жан таппайсың шын, адал,
Сүттен ақпын, пәкпін және күнәдан...»
Дәл осы сәт таусылғандай барша амал
Алға аңырып тұрып қалды Саршаян.
Өңі лезде сала берді қуарып,
Өйткені алда жатыр еді су ағып.
Серігінің бағып тұрған сыңайын
Тасбақа оған деді: «Шекпе уайым,
Досыңмын ғой, саған қызмет қылайын,
Мін арқама, аман алып шығайын...»
Тасбақаға мініп Шаян «шу» деді,
Байқа, абайла, алдың терең су» – деді.
Тасбақа оған демеді «бұл қай мініс?»,
Ал Шаянды жалықтырды жәй жүзіс:
«Қос өкпеңді қолыңа ал да жылдам жүз,
Әйтпесе тез шыға алмаймыз судан біз!»
Сабазың тек шектелмеді бұйрықпен,
Сары жамбастан салып қалды құйрықпен.
Азды-көпті реніш бар үнінде
Тасбақа оған деді: «досым, мұның не?»
«Зікір салу, – деді Шаян, – әдетім,
Зар қағардай жұқа ма еді сан етің?
Шамданасың неге сонша, қарағым?
Қайткенде де қажетіме жарадың!»
«Құйрығыңды безей бермей қайқайған,
Абыройың барда, Шаян, қайт райдан!
Жолына еріп әзәзілдің, мыстанның
Досқа қылма харекетін дұшпанның?..»
Деді Шаян: «Керек емес ақылың,
Тақияма тар келмей тұр тақымым».
Дос дегенің болып шықса шын залым,
Қияметке қияр дейсің кім жанын?!
Су түбіне сүңгіген бір шағында
Шаян қалып кете барды ағынға...
Түйін:
Ешкімді де қажет емес қазасы
Дос қадірін білмегенге жаза осы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу