Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  274


Автор: Нұрила Қызықанқызы

Әже арманы

Кемістігі демесек те күн дағын,
Ерітпейді неге қарын шыңдардың.
Өз ауылының биігінде адамның,
Өз аузынан шаққан мұңын тыңдадым.
Су қараңғы қос көзі сәл жұмыла,
Шертті әңгіме мен құмарттым сырына.


– Жылай-жылай қос жанарым суалды—
Деді әжей: – тағдыр алды қырына.
Бой жетіп ем тоты құстай таранып,
Отауға ие болдым, қалды балалық.
Қосағымды ата салты қосса да,
Бірімізді біріміз шын қаладық.
Біздей тату өткен, сірә, жан бар ма?
Тәтті күлкі ұласушы еді таңдарға.
Мені көкке көтеруге арналған,
Ұқсатушы ем оны биік заңғарға.
Жігіт еді кесек біткен тұлғасы,
Асыл еді мыңға бермес бір басы.
Кім біледі «жазуыма тәңірдің»,
Екі жақсы мәңгі бірге тұрмасы.
Оған, дәйім еркелеуші ем баладай,
Екі бала туғаныма қарамай.
Оның мейірі – шуағындай көктемнің,
Оның пейілі – кең еді шексіз даладай.
Дүниеде оған жан жоқ жететін,
Айтып ем-ау болайын деп зекетің.
Аяушы еді қайран тәтті күндер-ай,
Алақанға салғандай боп өтетін.
Кедейлік те жібермеді матап ап,
Бірге тоңдық, бірге ыстыққа қапалап.
Базарымыз – екі сәби бүлдіршін,
Байлығымыз – болды таза махаббат.
Кәперге алмай кәрін төккен заманды,
Міне сондай болдық үйлі - баранды.
Жаугершілік шықты, ауылым таланды,
Бір-ақ күнде тартты алдым қараңғы.


Менің ерім «алажатты жастығын»,
Жау да аямас қолдан келген қастығын.
Әкетті алыс жаралы жас жігітті,
Тірі айрылдым зілдей ауыр басты мұң.
Қала бердім тарайғандай тынысым,
Естімедім не өлі, не тірісін,
Оны өлдіге жорымайды жүрегім,
Зарығамын естуге бір дыбысын.
Көтеріліп ел ішінде дүрбелең,
Ауған елмен кете бердім бірге мен.
Менің ерім «жолдастарын ертіп ап,
Қашқан екен» деп естідім түрмеден.
Шың шысайдан алған қулар көп жем жеп,
Қуыпты оны торын құрып көп жендет.
Айтты біреу маған оның «арғы елге
Аман өтіп кеткендігін көргем» деп.
Содан бастап батыс жаққа қарайлап,
Сағынумен кетті уақыт сан айлап,
Елу жылға таяу өмір солайша,
Бүкірейтіп салды міне самайға ақ.
Жиырма бесте қалдым, қайда қосағым,
Келеді деп күндер, жылдар тосамын.
Егер тірі қосылмаса басымыз,
Дегенім бар ахиретте қосамын.
Болды үлкендер қайынға да қаратпақ,
Талай бойдақ түсті артыма далақтап.
Көнбедім мен аздырушы «ақылға»,
Ішсем-дағы қара суды шалаптап.
Ауыл биі көрсетсе де кеселін,
Абысындар өршітсе де өсегін.


Менің ойым жас баланы жеткізу,
Таза сақтау жан жарымның төсегін.
Соны ойлап михынатқа шыдаймын,
Шыдаймын да тілек айтып жылаймын.
Деймін мендей күнәсіз бір пенденің,
Ақ тілегін қабыл алар құдайым.
Ала жібін аттамадым өзгенің,
Болды талай аш-жалаңаш кездерім.
Соның бәрін артыма сап тек қана,
Қосағыммен қауышуды көздедім.
Екі балам әкесінің көзі боп,
Бал тілімен мені уатқан кезі көп.
Кейде оның күлкісінен селт етем,
Қалғандай боп әкесінің өзі кеп.
Көрер ме екен оны енді қыз-ұлы,
Қызық көр деп қолдар ма екен қызыры.
Арамызды бөлді мына дүниенің,
Тас обалы шекараның сызығы.
Аман болса бізді қалай ұмытар,
Оның көңілін тек қара жер суытар.
Мүмкін әлде тұсау кетпей аяқтан,
Болды ма екен қайрылуға күні тар.
- Кім біледі...деді әжей бір тынып,
Әжімді өңі кетті бірден құлпырып.
Өмір бойы тұрған жүрек ынтығып,
Күрмешеден білініп тұр бұлқынып.
Торлағанмен қалың әжім қас-көзін,
Қаз-қалпында сияқтанды жас сезім.
Көргендеймін сұңғақ сұлу қызынан,
Мына әжейдің балғын жүзді жас кезін.


Деді әжей: өсті міне немерем,
Кәрі жаныма тағы алданыш береді өң.
Оларды «өгей» атандырмай жеткіздім,
Әкесіне борышым ғой төлеген.
- Таң менің түсіме көп кіреді,
Десем кейде балаларым күледі.
Жүзін түстеп көрмей қалған сәбилер,
Оның қадырын бұлар қайдан біледі.
Ал мен оны елестетем әрдайым,
Қарайлаумен көздің тауысып бар майын.
Балаларға айтпай іштей әр жылы,
«Шүйінші де», «ақсарбас та» арнаймын.
Ақша жүзім солды қурап жүдедім,
Кетті жазым,
Енді қалған тілегім
Арманым не «келдің бе» деп көз жұмсам,
Көкірегіме қойып оның білегін.
Жүрген жердің қарап тау мен тасына,
Қанша күттім оны өмірден асыға.
Әлі күнге үміттеніп келемін,
Тосатынан келіп қалар қасыма...
Десе әжей келіні қалды «мырс» етіп,
(Құр қиялдың құны бар ма бір сәттік)
Жетпіс беске келген әжей арманы,
Білмегендей бар дәурені тұрса өтіп.
Неткен ұлы сезім еді ол сөнбеген,
Махаббат па? Ұзақ жылды жеңбеген.
Жарға адалдық қадырын бек асырып,
Орнын биік көтеріп тұр өңгеден.


Силағандай өмір оның ниетін,
Балаларды аялайтын, сүйетін.
Ару ана шаң жұқтырмай өзіне,
Ақ шылауыш, аппақ көйлек киетін.
Әсерлендім махаббаттан бұл тұнық,
Жатты ойымда тағы жаңа жыр туып.
Таза арына куә болған әжейдің,
Ақ көйлектен алар ма еді ту тігіп.
Тағдыр оған тағы жүз жас силасын,
Ойлай берсін ол аяулы қимасын.
Үзбесе екен суық хабар, суық сөз,
Арман алға тартқан сезім бұйдасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу