Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  70


Автор: Үмітай Сәтжанқызы

Ақынды сүйсең

Қарбаластанып қағаз бен қалам қолында,
Не көрсе пейіл осы өнердің жолында.
Алабұртқан әрекеті қалыпсыз,
Оңай емес ақынға жар болу да.
Ойменен өріп өмірден көріп-түйгенін,
Мазасыз, бапсыз өткізген күн мен түндерін.
Сезімі сетер, секемшіл елік мінезді,
Оңай емес ақын қызбен үйлену.
Ақынды сүйсең ақылы оның бола біл,
Қарсы алып сыйла іздеп келген қонағын.
Шабыты шалқып лапылдап жанған кеудеде,
Үрлеп қой қайта сөндіріп алмай алауын.
Ақынды сүйсең бол оған жанашыр,
Көңілін тауып кірлете көрме жағасын.
Жақсы өлең жазып шаттанып тұрған кезінде,
Айтарыңды айтып, қалағаныңды алып қаласың.
Ақынды сүйсең өлеңін тыңда, қабылда,
Сырласы болып, сыншысы болып жанында.
Шылдырлап шының назарын бөліп кетпесін,
Өзіне-өзі күбірлеп тұрған шағында.
Ақынды сүйсең, ақынжанды бол өзің де,
Ақын дегенің берілгіш өте сезімге.
Кіналап әсте ала көзіңмен қарама,
Шабыты келмей жабырқап жүрген кезінде.
Қартаймайд ақын, жасартад оны жаңа арман,
Сөз құдыретін түсіне бермейд надандар.
Ақынды сүйсең, сүюдің көкесі ақында,
Ақын жүрегі сүюге ғана жаралған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу