Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  379


Автор: Исраил Сапарбай

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары, жаны жаздай жайраңдаған.
«Қыз өссе – елдiң көркi...» деген сөздi
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам?!
Жiгiттiң жампозына теңдесе алар
Батыр да,
Баһадүр де,
Ер де солар!
Ел басына күн туса...
Белiн буып,
Жүйрiктiң пырағына ер де салар!..
Намысын бермеу үшiн жатқа қолдан
Арулар аз болды ма атқа қонған?
Көңiлде қалған сыз бар өткен күннен,
Өмiрде қалған iз бар «Ақтабаннан...»
Қыздары есiк, төрден несiп терген,
Ұлдары керiлгенде бесiк керген
Дәстүрi бұл Даланың бұлжымастан
Бүгiнге кешегiден көшiп келген.
Жасырмай айтар болсам жан сырымды:
Тағдырым қарауылға қанша iлiндi...
Ерлiктiң қос қанаты деп бiлем мен
Аяулы Әлиям мен Мәншүгiмдi!
Жел сүйiп, алма бетiн күн қақтаған
Қашаннан дала қызы қымбат маған.
Сөйлетсе – Сара ақындай дес бермеген!
Бойжетсе – талшыбықтай бұлғақтаған!
Пiр тұтқан махаббатта адалдықты,
Көркiмен таң қалдырған тәмам жұртты
Қыздардың қылығымен өмiр қызық,
Қыздардың ғұмырымен заман құтты.
Саяқты санға қосып сыртта қалған,
Адал жар,
Азаматқа жұп бола алған
Көремiн өмiрсерiк өнегесiн
Ақжүнiс, Қамқа, Назым, Құртқалардан..
Аңызбен аты жеткен заманға осы,
Атына құрбан болар адам басы
Аяулы Қыз Жiбек пен Баян Сұлу –
Даланың Данаясы, Мадоннасы!
Тайғанап кетпеу үшiн тақыр құздан
Қасына хан да қызын отырғызған...
Тағдыры Тоғжандардың талай–талай
жүрегiн Абайлардың аһ ұрғызған...
Өтсе де қаншама ұрпақ, қанша буын,
Тегiме тегiн бе едi тамсануым:
Динаның дәрiптеймiн күй–дастанын,
Күләштiң әспеттеймiн ән салуын!
Сабылған кездерiнде дара күйде
Сағынған қыпшақ қызын Фараби де...
...Тiлегiм – тек әйтеуiр, қазақ қызы,
Қамықпа,
Қайғы кешпе,
Қара киме!..
Ашқандай бал бұлақтың ендi көзiн
Құлпырып, гүл жайнайтын келдi кезiң.
Ұлыстың ұлы күнi алып берген
Елi бiр,
еншiсi бiр Теңдiк – өзiң!
Жаутаңдап жазықтыдай жақұт көзiң,
Өткiздiң бастан қанша уақыт тезiн...
Ұлыстың ұлы күнi алып берген
Баянды, бағы – бостан Бақыт та – өзiң!
Дақ салмай Ар атына, Ана атына
Жарассын салтанатың санатыңа.
Жел керсiн арманыңның ақ желкенiн,
Дем берсiн ұлы дүние қанатыңа!
Сүймеген сенi азамат азамат па?!
Көңiлiң тәрiздi аппақ таза мақта.
Бәрiн айт та бiрiн айт: ылайықсың
«Қазақтың қызы» деген ғажап атқа!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу