Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  71


Автор: Исраил Сапарбай

АЛАҢДАР МЕН АДАМДАР

Уақыттың қабағына қан қатты...
Қайда күндер салауатты, салмақты?
Көгершiндер бездi алаңнан,
Көргенде
Бес қаруын белге асынған жалдапты.
Көгершiндер бездi алаңнан дән терген.
Жер түбiне Күн сүңгiдi нарт өңмен...
Хантәңiрiн қар басып тұр қасарып,
Қамкөңiлiм арбасып тұр қаңтармен.
Атар таңда сес сүбелi, сұс басым,
Көлпар күннiң көре алмадым нұсқасын.
Қай заманнан қайта шапқан жау жаман –
Бағы-бостан бастан бал-бұл ұшпасын...
Түн iшiнде үрей түртiп ұйқыны,
Мимырт күннiң мазамды алды митыңы.
Тас қамалды тастап кетер шама жоқ,
Басқа қонды шаң-тозаңның қиқымы.
Қолға қару алды аярлық, зұлымдық.
Түнiм – зағип,
Таңым – ғарiп,
Күнiм – бұлт.
Атқан таңның ажарына үңiлдiк,
Батқан Күннiң кiрпiгiне iлiндiк.
Көкiректе мың бiр күмән, мың күдiк:
Қашан, қай күн тиылмақшы бұл бүлiк?
Сұмдық болды-ау,
Аяқтардың астында
Шындық жатты шақалақтай шыңғырып!
Адам – нәубет,
Болғаны ма заман зар?
Көзге iлiнбес көңiлде не алаң бар?
Неге сонша сұсты, суық, айбарлы
Жер ананың алақаны – алаңдар?
Қаққан қатын сияқтанып қап түбiн
Күреңденiп батып бара жатты Күн...
...Ымырт жаулап, iңiр жүзiн жапты мұң,
Тiршiлiктiң аңдай алмай аптығын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу