Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  104


Автор: Исраил Сапарбай

НАРЫҚ ПАТШАЛЫҒЫ

Мықты болсаң өмiр сүрiп көр бүгiн!
Есiктi кiм, еншiледi төрдi кiм?
Қасиетсiз қазымыр бұл заманға
Қажет боп тұр өжеттiгiң, өрлiгiң.
Қажет және пасықтығың, паңдығың,
Айлакер мен күнi туды әлдiнiң.
Құрақ ұшып құрып жатыр құл-құтан
Алпауыт пен Аждаһаның хандығын.
Қажет және пысықтығың, қулығың,
Кiм бал жалап, iшiп жатыр уды кiм?..
Тобасыз бен тоңмойынның қолына
Томпаң қағып су құйып жүр сумұрын.
Күнi туды түлкi менен қасқырдың,
Тағдырымды тас түбiне бастырдым.
Тәңiрiнiң берген жасын тезiрек
Тәңiрiнiң келдi өзiне тапсырғым.
Дүниенi дөңгелетiп қоңыздар,
Қорымжайды қопарып жүр доңыздар,
Ылайланды көңiлiмнiң тұнығы,
Былай қалды домбыра мен қобыздар..
Парық қолдап нарық деген патшаны,
Қарға, құзғын жайлады бау-бақшаны.
Сатылуда дүлдүлдердiң ақ шаңы,
Сатылуда бұлбұлдардың жақсы әнi...
Күнi туды демеушi мен делдалдың,
Үмiтiмдi үздi дүние ең балғын...
Сатылуда Сарайлар мен маңайлар,
Сатылмаған жалғыз ғана Мен қалдым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу