Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  111


Автор: Исраил Сапарбай

БЕСIК ЖЫРЫ

Сен жалғыз да, мен жалғыз,
Неге екенiн бiлдiк пе?
Екеумiз де енжармыз
Мына марғау тiрлiкке.
Әкелмедiң маған бақ,
Амал қанша, момыным.
Есiк жаққа алаңдап,
Елегзидi көңiлiм.
Тебесiң кеп жөргектi
Жылағанда, ой, Алла-ай!
Сол кеткеннен мол кеттi
Әкең үйге оралмай...
Неменеге желiктi,
Мен бе, ол ма, кiм жаман?
Еркектерге ерiктi
Берiп қойды-ау, қу заман.
... Алаңқайда шатыры,
Көк күмбезде аппақ Ай.
Баяғының батыры
Көзден ұшты-ау, әттең-ай!..
Айдын-шалқар ақылы,
Жыр толғайтын тоқтамай
Баяғының ақыны
Көзден ұшты-ау, әттең-ай!..
Ауылымыз жырақ па
Азғындаған мәңгүрттен?
Жiгiт болсам құр атқа
Мiнбес пе едiм қарғып мен!
Ерегесте жеңгем жоқ,
Еркек алды ырқымды.
Бас та мынау мең-зең боп,
Шаш та мынау қырқылды.
Кәмшат бөрiк, дүр көйлек...
Беу, баяғы сайран-ай!
Бәрiнен де жұрдай боп
Қалғаным ба, қайран-ай?
Не үйде емес, түзде емес,
Қайда, апыр-ау, Айсеркем?
Еркек те емес, қыз да емес,
Бұл селтеңi қай селтең?
Көңiлдегi көк шыбық
Ендi қашан гүл атар?..
Сен жыласаң тепсiнiп,
Анаң жылап жұбатар.
«Қосығыңа» қосылып,
Бастым бiлем гөй-гөйге.
Әйелдердiң ашынып
Сөйлейтiнi бар кейде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу