Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  80


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

КҮЛДІР ДЕ-КҮЛДІР КҮМІС ЕР САЛҒАН КҮРЕҢМЕН

Күлдір де-күлдір күміс ер салған күреңмен,
Тарбығатайдың тауынан асып,
Жүрер ме ем!
Ақшам кезінде –
Арқар қараған кісі боп,
Қойшының қоңыр үйіне барып кірер ме ем!
Шаршаған шопан...
Кіреуке тартып қабағы,
Күрең шәй ішіп,
Терісі кеңіп қалады.
«Шілдеде арқар,
Шіліңгір тауда жүрмес», – деп,
Қажайды сонсоң қаңғырып жүрген баланы.
Шілдеде арқар шіліңгір тауда жүрмейді,
Қарлы таулардан басына пана іздейді.
От алмайтұғын отыз екінші бердеңкем,
Тірі арқар түгілі,
өлген арқарға тимейді!
Мен білем оны,
Білетін біреу бар тағы...
Қазандық жақтан бойжеткен езу тартады...
Қоралы қойдың –
Күзетін қызға тапсырып,
Үйдегі жандар бырдай боп түгел жатады.
Кезеңнен мендей –
Қылқиып қызыл шығады ай!..
Ар жағын сұрап,
Қайтесің қинап шырақ-ай!
Көгілдір перде жамылып таулар жатқанда,
Аспанда жұлдыз –
Қарқылдап күлер шыдамай...
Атырып солай...
Қып-қысқа жаздың бір түнін.
Күрең тұлпардың ерінде ойнап,
Күн күлім.
Қойшы ауыл итін шулатып бара жатамын,
Арқамды қажап,
От алмас ескі мылтығым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу