Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  69


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ҚЫРАНДЫ САҒЫНУ

Ғарышқа күшің барда самға қыран!
Бір күнгі серілік жақсы бай бағынан.
Илеуге дән тасыған құмырсқа артық,
Апанда өлі арыстан аруағынан.
Кереге қанатыңды сырып-сырып,
Ұшасың жүрегіңе уыт жиып.
Мекенің – «Хан-Тәңірдің» қарлы құзы.
Сырласың –
Ашулы жай, суық бұлт!
Кезесің көкте үнсіз дара қалып,
Саған жат –
Жүз құбылтқан боямалық.
Төнесің зауал тігіп жауларыңа,
Ғаламға қанды көзбен қарап алып!
Досың жоқ –
Сағындырып еңіреткен!
Қасың жоқ –
Қапылыста кегің кеткен...
Шар болат шарқы жетпей шарт сынғанын,
Ұғасың соны ғана-өлім деп сен!
Жаныңда жасырынған жалын барда,
Не жетсін білегенге азуды айға!
Жерде тұрып жұбанам қыран бар деп,
Қарғаның шуылынан қажығанда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу