Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  97


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

АЙРЫЛЫП ЕК ТАҒДЫРҒА ШЫДАМАЙ БІЗ!

Айрылып ек,
Тағдырға шыдамай біз,
Есімде жоқ –
Қай көктем,
Сірә, қай күз!?
Ақ айдынға,
Тағы да аққу қонды-ау!
Қайда жүрсің!?
Мен сүйген ҚҰРАЛАЙ қыз?..
Əн салатын қаракөз қыздар бақта,
қазір ақ түн,
айлы түн...
Біздер жақта!
Ақ қайыңдар –
Сен жоқта сырын шертпей,
Жасым тамды қырдағы қызғалдаққа!..
Ашып тастап жүретін кеудені кең,
Мен қоштастым –
Жастықтың серуенімен!
Ғашық жырлар сені іздеп жерді кезді,
Ұшқан құстың ілесіп керуенімен...
«Алдаймын» деп үміттің ақ тайлағын,
Сан сезімнің шайқадым ақ қаймағын!
Сан сапарда –
Сағынып сен шығар деп,
Ақбоз үйге аңсап кеп, ат байладым!
Көк аспанын көңліңнің қайғы алғанда...
Жаутаңдап жан түсінбес жалған жарға,
Ақынды еске ап жүрсің бе, айналайын!
Ақша бұлттар төбеңнен айналғанда?
Есімде жоқ...
Қай көктем,
Сірә,қай күз!..
Айрылып ек тағдырға шыдамай біз!
Ақ айдынға –
Тағыда аққу қонды...
Қайда жүрсің ғашығым, Құралай қыз!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу