Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  299


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ҰЗАУ СЕБЕБІМ

Қимадым елді, жерді қанша заман,
Жүрген соң жалтақпенен басым аман.
Үйі жоқ бөденедей бытпылдақтап,
Кешірдім көп өмірді оймен алаң.
Сырт бүтін көрер көзге тұрмысымда,
Саналды көрушіге емес жаман.
Іш түтін, тартқан мехнат азабым мол,
Мешіт, кітап, ми жетім күні қараң.
Бар жұбаныш ел менен жер ішінде,
Жүрген бірге өзіммен қандас адам.
Бауырлас, тума-туыс бәрін көріп,
Оңалуға жақындап жүрек жарам.
Біресе онда, біресе мында қонып,
Елімнің аймағында бастым қадам.
Мен торғай пана іздедім бір басыма,
Жағалап бірден бірге дос-жар адам,
Сонымен үш-төрт айдай көше қонып,
Айтуға есептелді тұрмыс жаман.
Үйткен шүкірәнәм мол кемді көріп,
Бар ғой деп ел-жерімде басқа панам.
Қашқан түлкі қызық боп көрінбек қой,
Менің де өң, сипатым соған таман.
Бүлдіріп аузы жаман жақсы атанбақ,
Кездесті сары түстен қиын заман.
«Айтақ қайдан шығад?» деп құлақ түрген,
Сезініп екі тазы алаңдаған.
Соққысы сол алаңның шеттеп тиіп,
Болмады соңғы орным қоныс маған.
Сонымен бас тайғызып үйім қалды,
Жер таппай паналарлық ми сандалды.
Үйдің іші тамағын бәрін алып,
Мен сорлы бір бетіне кетіп қалды
Қалың тау, қалың шілік арасында,
Тығуға дүние тамақ ойына алды.
Сақта деп дұшпан жаудан өзің аяп
Бөдене мақсат жаққа кете барды.
Жанымда бар жолдасым пана іздедім,
Тағы да пана болар жер көздедім.
Өз қонысым мекенім жағаламақ
Көңілде бар пыланым ой мезгедім.
Соны ойлап бір ауылға кеп жасырынып,
Мән-жәйін білдірдім ғой жер кезгенім
Қысқасы атасы жат өз елімнен,
Ой суып баяндадым мен безгенім.
Іштескен азаматтан ақыл сұрау,
Ойым сол ұзамасқа етсе ұнау.
Баяғы қимағаным елім, жерім,
Ой жолы құдықтай-ақ бір шыңырау.
Мақұлдаса маңайттап бірге болып,
Заманның келешегін солай сынау.
Жібердім ақылдас деп жолдасымды,
Бар ма екен бір жобасы дерлік мынау.
Қысқасы, қанатына алмақ болған,
Іштескен інілерден басы құрау.
Өз елің, өз туысың бірге болу,
Қорытқан бар ақыл сол бізде ұнау.
Сол сөзін алып келді жолдас барып,
Қонысқа өз қыстауым ойға салып.
Біз де ұнатып бас қосып дос-жарлармен,
Келуге бел байладық үй-жанды алып.
Әуелі дүние-мүлік жеткізуге,
Сонан соң көшірерміз үйді барып
Дегенді ақылдастық жолды тауып,
Жолдасым келтіруге ертең барып.
Сол жерде бір суық сөз естілді,
Қатыннан Бұзау, Жарық келген барып.
Бір тазы оңтайланған түлкі алуға,
Қалуға ішіп, жем қып қанға жарып.
Қуып жету шарасын көздеп жатыр,
«Қап, бәлем, құтылар,– деп, – қайда барып?»
«Сол түлкісі сіз болу керек,– дейді,–
Өзің біл, хабар бердім, бұл шын анық».
Естідік бұл хабарды күн батарда,
Қисыны бола ма енді жай жатарға.
Енді қайда барамын, қайда пана,
Үсті-үсті дос-жаранға көз сатарға.
Зәре, құт менен кетті естіген соң,
Айналдым шатасумен бас қатарға.
Тау іші паналықтан қалып тұр ғой,
Ағаш, жапырақ көбеймей мен жатарға.
Күнде тауды сүзеді мал жоғалса,
Қисыны жоқ бұл жақты ұнатарға.
Қасымда бір дос-жарым берді ақыл,
Майтөбе аз күн қоныс үлкен мақұл,
Дүние қалсын, үй қалсын бас сағытта,
Басылған соң жинарсыз дүние-ғапыл.
Жүрушілер басылсын іздеп болып,
Әуелі өз басыңды уайым қыл.
Басың сау, ерік өзіңде жүрген болсаң,
Қисыны басқа нәрсең келер ақыр.
Ұнатып осы ақылды міндік атқа,
Тәңірім кездестірме табы жатқа.
Ас ішіп, яшиғы оқып, хош айтыстым,
Қол ұстап жанымдағы жамағатқа.
Таң ата Майтөбеге жетіп келдім,
Төпелеп қатты жүріп сәтті шақта.
Көрістік дос-жарлармен амандасып,
Екен ғой ол ауылым сағынбаққа.
Көңіл жай, төбе қыстау болып қалдық,
Білдірмей із, сыбысты жаман жатқа.
Шын сағынған немқұрайт, тыс сағынған
Тілеуқор кездеспеуге мен апатқа.
Менде ой көп: сыртым бүтін, ішім түтін,
Кейінгі жандарымнан ұшып құтым.
Аман-сау қосыла ма, жоқ бола ма,
Екі жақ мол ауырлық жазған тырқын.
Жау қолында кездессе жан мен дүние,
Бұзылмақ оңалмастай менің шырқым.
Соны ойлап ішкен ірің, жеген желім,
Соларға жіберуге ауды мұратым.
Жібердім мен соларға екі кісі,
Тиген соң іні, жолдас мол тынысы.
Қажыдым өте мұқап бұл жүріске,
Тұрмыстың қақпайлаған зор жұмысы.
Екі қон бөгелместен қайтып кел деп,
Тапсырдым өте қысаң бұл жұмысты.
Тәңірім өз басымнан асырма деп,
Тіледім күн-түн демей зор қылмысты.
Жәй жүрген дос-жарыма күйем жұқса,
Не қылам тіршілік деп бұл жүрісті.
Келмеді төрт-бес күндей кісілерім,
Сезіндім болған ғой деп тағдыр жерін.
Қан өтті бұл ішімнен, ішкенім – у,
Бұдан да келсейші деп шын-ақ өлім.
Бір басымнан кесірім асып кетті,
Дегендей шықты менің ащы терім.
«Жығылғанға жұдырық» дегендей-ақ,
Қосылды уайым сөз көрім-көрім.
Демеу сөз көпшіліктен шыға алмады,
Пәле сөз жабылды үске өрім-өрім.
Көз етім сарғайды ғой қарай-қарай,
Тағдыр күн болғаны ма осы жерім?
Шырт ұйқы жүз бөлінді, тиыш кетті,
Бермеді бұл уайым маған көнім.
Жалғыз-ақ қайткен күнде уайым жоқ,
Көрінді бұл таяныш үлкен белім.
Адамзат өте жұқа жаралған ғой,
Сол жолмен өсіп-өніп таралған ғой.
Тұрмыстың шырмауымен шырматылып,
Тұйыққа бір өткелсіз қамалған ғой.
Жалғыз-ақ сенім деген есік ашып,
Жол тапқан зор қуаныш саналған ғой.
Тағдыр ат сол сенімге есім болып,
Көпшілік ауызында жол алған ғой.
Қисығын түзетпесе осы тағдыр,
Адам зат айуанмен бір саналған ғой.
Екі дүние бағыты иман болып,
Көзінде білген заттың қаралған ғой.
Мағанда әлгі мұңдар әсер беріп,
Көңілім бір тұйыққа қамалған ғой.
Леп шығып, аһ дегенде жүк азайып,
Үстінде тағдыр-сызық жамалған ғой.
Жұбатып сол тағдыр іс мені уатып,
Үстімнен өте ауыр жүк таралған ғой.
Үй-мүймен көшіп келді кісілерім,
Қуанар келмеді ме енді жерім?
Бұлт басқан күннің көзі жарқ еткендей,
Жоғалды бір минутта ішкі шерім.
Үйдегіден қан өтсе, түздегі май,
Дегендей ренішсіз жібергенім.
Масайрап қуаныстық менде ауылда,
Кептесіп айтып жатты көргендерін.
Енді ойым осы араны мекен қылмақ,
Ішіп-жеп ырызық қып тергендерін.
Іргемнің өз елімнен айрылмауы,
Көздеген менің өте мақсат жерім.
Бір басым бір жолаушы боп жүрермін,
Тәңірімнің көзден көріп бергендерін.
Қатын-балам паналар осы жерде,
Дегендей айтқым келіп көпке тілге.
Байқасам бәрі сырдақ бой қашыртқыш,
Кеңдікте екен мені тақсыр дерге.
Бір басы – көздегені, басқа ойы жоқ,
Бәрі дос кеңдік күнде һәм кең жерде.
Тарлықта қамшы үшін де бере алмаймын,
Сырты адам, қоян жүрек жол ғой дерге.
Іші айтад «кет әрмән» деп, сырты – оңды,
Жүрмейді жүрегі мен тілі бірге.
Шын достар өтірік дос болып шықты,
Қалсын деп қатын-балаң өлген жерде.
Әуелден таянғаным – жалғыз ием,
Басқаны келмеген тіл «әке» дерге.
Не болса бір иенің жазуымен,
Ежелден үйренгенмін мен көнерге.
Жалғыз-ақ екі жесір ойдан кетпес,
Қия алмай жас ағызған қанмен бірге.
1932 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу