Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  191


Автор: Дихан Қамзабекұлы

БІРЛІК ТУРАЛЫ

Жаман істен жақсы іс тууы анық,
Білінер зерттесең анықталып.
Құрайды бетке ұстаған тарлық күнде,
Ой түсті түрлі ғибрат таңырқарлық.
Араладым тау ішін кезіп жүріп,
Дұспанның қастық бетін сезіп жүріп.
Тәңірдің бұл сырына зор риза боп
Қатын, бала, мешіттен безіп жүріп.
Безбес едім, қайтейін, шарам бар ма,
Тоқпағына тұрмыстың амал бар ма?
Үйіңнен сулы-суан тамағыңды,
Татпа деген лаухыда қалам барда.
«Көр!» дейді Құран жолы ел мен жерді,
Сезін деп бастан-аяқ тарлық-кеңді.
Аз ғана отырсаң да бір арада,
Ғибратпен сөз қылудың орны келді.
Әр тауда үш-төрт күннен мекен қылдым,
Кейінде намаз оқып, кейде отырдым.
Әсіресе Найзатас көп бұдырда,
Кейде күндіз, кейде түн бұғып тұрдым.
Сатыдай қия-қия жасалған тас,
Түбі жуан тап ұшы найзаға ұқсас.
Таған құс күйкентаймен ұялаған,
Әр төбенің басында бұдырмақ тас.
Сарытау қарауылға биік тауы,
Басындағы тасқа адам паналауы.
Сырт жағынан қарасаң одыраяр,
Болғандықтан зор тауы қашық тауы.
Қайтсін жеке болған соң іріленбек,
«Ал» дегендей бұдырға менен өрнек.
Жан-жағына қаралса онысы жол,
Оқшиғансың тұрған соң ірі көрнек.
Бауыры сол шошақ тас қысқы қоныс,
Беткейі жас төлдерге болады өріс.
Иек артпа ит-құсқа жаман жері,
Аңғырт бетке кез болса алмақ сөгіс.
Сөгілсе де амал жоқ жаратылыс,
Жаратушы жаратқан зор ғажап іс.
Еркі өзінде болмаған себебінен,
Сөгілуі орны жоқ бір жолсыз іс.
Әйел қарғар жандыны, жансызды да,
Абайламай қамдыны, қамсызды да.
Кейі жалқау әм салақ ойсыз болып,
Тергей бастар баптыны, бапсызды да.
Пендешілік үйтуі ер-әйелдің,
Сүйекке сіңген әдет артық-кемнің.
Өткен іске сан соғып қарғап-сөгу,
Шүкір, сабыр жоқтығы артық-кемнің.
Пенделік ер-әйелден табылады,
Қапыл боп түзу жолдан жаңылады.
Жалғыз міндет қатесін есіне алып,
Өкініп тілек қылып жалынады.
Мұны «тәуба» деп айтады Құран тілі,
Жеткізілген хаққа деп зарлық, мұңы.
Сабын, сумен кіріңді жоқ қылғандай,
Жоғалар қылған істің барлық міні.
Иек артпа төбе асты сөзім бұзды,
Бетке ұстаған жазуға жүрек ізді.
Қайта көшіп әуелгі мақсатыма,
Орнықтыра жазайын мақсат сөзді.
Әрине, қоныс болса ауыл болмақ,
Ауыл болса бір басшы тәуір болмақ.
Береке, абыройы кетпегенде,
Бағынған бір ауыздан қаулы болмақ.
Ауылда берекесіз сөз бірікпес,
Қанша туыс болғанмен бір үріптес.
Іріп, шірір біріне-бірі қас боп,
Жан болмас кездескенде зиян екпес.
Қас болып бірін-бірі мұқатады,
Шығын қып дүние-мүлкін ұпатады.
Қаралап бөгде жанға өз жақынын,
Қазған орға өзді-өзін құлатады.
Бірлік болса тірлігің көркейеді,
Тірлік оңған адамға көрік енеді.
«Ғаракатқа – баракат» мәтелде бар,
Әр істе үйлесімді ерік береді.
Ақылдасып шешеді не іс болса,
Ауыр, жеңіл не түрлі жұмыс болса.
Ұсынып тапқан ақыл басшысына,
Жүптеңіз дейді ойымды дұрыс болса.
Дұрыстаса басшысы қабылдайды,
Қисық болса ақылы алынбайды.
Менің ойым аяқсыз қалды ғой деп,
Ойды ұсынған өкпелеп наз қылмайды.
Мұнан артық ынтымақ қайда болмақ,
Үстігенде бірлесіп ауыл оңбақ.
Бірінің кем-кетігін бірі көріп,
Жібереді біреуін-бірі қолдап.
Бірлігі жоқ ауылда қым-қиғаш дау,
Ол даудан бірде-бірі қалмайды сау.
Мұқатып жеңген жағы одырайып,
Жеңілгені болады зор жабырқау.
Жабырқасын не керек аяушы жоқ,
Қатасын теріп, тізіп санаушы көп.
Байқаусызда басында бір іс келсе,
Берген көмек айтары болар «шоқ-шоқ».
Жеңгені өзін оңды адам санар,
Соңға түсер қолына алып фонарь.
Обал ғой бұл да адамның баласы деп,
Ойы жоқ өмірінде бір күн аяр.
Мұндай пейіл тууы неден еді,
Ойлауы жоқ қойшы бұл неген еді.
«Әуелі өз саныңа ауырмаса,
Басқаға сұқ» үлкендер деген еді.
Мен осындай болғанда қайтер едім,
Аясайшы дегенді айтар едім.
Деген сана жүрекке ұяласа,
Бір мезгіл аттың басын тартар едің.
Ынтымаққа ең үлкен басты себеп –
Бірін-бірі жіберу істе демеп.
Зиян, пайда екеуін ортақтасса,
Енді ашылмас ортаға бірлік енет.
Бұған қоса үлкенге құрмет етсе,
Кішіге есіркеумен жол үйретсе.
Құрбы-құрдас жігі жоқ тату болып,
Біріне-бірі ақылмен жөн көрсетсе.
Ақыл сөз қабылданса кімнен шықсын,
Ол жаманның сөзі ғой демей ұқсын.
Іске асыру жағына көмекші боп,
Сүттей ұйып жол сөзге құлақ тықсын.
Сөзге қарап алынса сөз орынды,
Қалдырса бұл ретте мал форымды.
Абыройды, үлкендікті, көпшілікті
Қоспағанда болады сөз толымды.
Кісіге қарауменен алынса сөз,
Ол жолдан хақтық шықпас күдеріңді үз.
Ми жолын қолданбаған суреті адам,
Есептелмес санымен ондаған жүз.
Айырмайды жаманын сөз асылын,
Түгендейтін мақсұты өз асығын.
Үлкеннің, абыройлының, не малдының
Тергеместен қабылдар сөз жасығын.
Ондай адам сәулесіз, ең қараңғы,
Жігі жоқ айуанмен бір саналды.
Тұрмыс қалай беттесе соны жұптап,
Тұс-тұсында бір заман бағыт алды.
Сондықтан зор ғалымдар айтқан бүйдеп,
Аларын білгендіктен заман билеп.
Тұрмыстың түрлі құбылыс тармақтары,
Кезек-кезек тұрады таптап, илеп.
Сол табиғат – құбылыстың бір тарауы,
Малды болған адамды зор санауы.
Мол қасиет, зор бақыт – бәрі сонда,
Жақсы істесін, я жаман жоқ балауы.
Жұптайды оның ісін, айтқан сөзін,
Салмайды қисық оңға тіпті көзін.
Бай айтса болды, бітті жұмыс осы,
Сынамайды тағы да жөн мінезін.
Мысалмен ғалым айтқан мынадай деп:
«Шешендігі зор болса «Хассандай» боп,
Ұлындай Мұқыланың қаламгерлік,
Сопылығы «Әдһәмнің» ұлындай деп.
Хекмәттә «Лұқмандай» болса білгіш,
Білгіштікпен сырларды болса көргіш.
Осы төрт қасиетті кедей болса,
Табылмақ бір өзінен талай мінді іс.
Халық көрмес қасиетті ол адамда,
Теріс көзбен қаралмақ қолы тарға.
Басындағы мол қасиет түкке тұрмай
Жиырма тиын құнсыз деп қоспас санға.
Бір кісі надан болса «Жебелледей»,
Ғапләттігі «Қарнанмен» болса бірдей.
Зиынсыз «Атраштың» жаман болып,
Сөзінде бір шындығы жоқ ессе желдей.
«Мүсәйләмә» пар болса бұл мінезге,
Көрінер жақсылық жоқ болса көзге.
Сондай адам дәулетті мал көп болса,
Жұрт аңыз қылысады шешен өзге».
Көрсетпеген малдылық бар айыбын,
Перделеп тыққан жауып іс майбын.
Түзу сөз сөйлеу тұрсын аңғармайды,
Жақсы-жаман айтылған сөз байыбын.
Сондықтан бір заманда малды, пұлды,
Аузы қисық болса да сөз толымды.
Былықтырып, былшылдап сөз айтса да,
Шіркіннің айтқанының бәрі орынды.
Бүгінді алсаң, өзгерген ол қалып жоқ,
Атақтың, малдылықтың айыбы көп.
Құбылмалы заманның төңкерісі,
Бір қалыппен байырғы тұруы жоқ.
Сондықтан бірлік керек, әділ керек,
Ортақтасқан пайда мен зиян керек.
Түпкілікті ұнамды іс өте қажет,
Сол жолмен өз-өзіңді ұстау керек.
1931 ж., майдың 5-і




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу