Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  53


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ӨКІНУ

Ересен жалқау,
Ой-пікірім тарқау,
Болдым ғажап бір адам.
Қанша білген ғылым,
Жинамадым бірін,
Талқылап жазып қалмаған.
Айттым үгіт,
Көпке беріп,
Не асыл сөз терумен.
Бірақ тілде,
Қалмады елде,
Нұсқа жазып берумен.
Мұным қата,
Біржолата,
Деп безбедім бұл халден.
Баяғы қалпым,
Баяғы салтым,
Бір ізім жоқ оңалған.
Мәз боп күлдім,
Мәңгі емесін білдім,
Сөйте тұра тырыспай.
«Ертең, ертең,
Бір кішкене кілтең»,
Дедім де іске жуыспай.
Қалдым ғой бос,
Кім қас, кім дос,
Айыра алмай шатастым,
Досым – қас боп,
Нәпсім бас боп,
Екі жақтап адастым.
Жасым келді,
Қырық беске енді,
Құлшылық түзу ете алмай.
Нәпсіге еріп,
Билікті беріп,
Жақсылыққа бет алмай.
Ойладым жаспын,
Тұрмысқа маспын,
Тәубе етермін деп кейін.
«Менен басқа,
Үлкендер жас па,
Ақсақал, жақсыға шейін».
Жайылып жүр ғой,
Жақсылықтан құр ғой,
Оларға өлшеп қарасаң.
Молда да тәуір,
Атандың сауыр,
Есептеп өзің санасаң.
Дегендей ой,
Алдандым ғой,
Қапы соқтым еткенге.
Ием сені,
Жалынған мені,
Күйдір ме қылмыс өткенге?
Атыма мәз,
Білімім аз,
Сөйте тұра жалықтым,
Қарауға кітап,
Мен талқылап,
Ұғынуға зарықтым.
Қолда барда,
Қадыры бар ма,
Міне, болдым мен мұқтаж.
Қолым боста,
Өмірім босқа,
Кетті, етпекпін не ылаж?
Оқимын Құран,
Алаң-бұлаң,
Мәні аңдауым кеміспен...
Кейбір лұғат,
Көзделген мұрат,
Біле алмай қалдым тегістен.
Әрине, құрал,
Аңдатуға бұлар,
Дейтіндей кітап қолда жоқ.
Құр өкінем,
Деп бекінем,
Бірақ мұң көп, пайда жоқ.
1931 жыл, апрельдің 9-ы
Бұзауда




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу