03.09.2022
  291


Автор: Дихан Қамзабекұлы

Мал туралы

Тоқты тоймас,
Шөміш кеппес.
Семіздікті қой-ақ көтерер.
Сүтсіз қой маңырауық.
Қошқар болар қозының маңдай жағы дөң келеді,
Кісі болар жігіттің арқа басы кең келеді.
Қойшы – өтірікші, қой – ұры.
Қойлы бай – қорлы бай,
Жылқылы бай – сылдыр бай.
Жүк ауырын нар көтерер,
Қаза ауырын ер көтерер.
Түйе тұзға келеді,
Күйеу қызға келеді.
Ойнақтаған бота от басады.
Өлі бураның басымен тірі атанды қорқытпа.
Жомарт жоқтығын білдірмес,
Жүйрік тоқтығын білдірмес.
Ат жаманы таймен ойнар.
Атың жақсы болса, бұл дүниенің пырағы.
Қатының жақсы болса, бұл дүниенің шырағы,
Атаң жақсы болса, екі дүние шырағы.
Көбеңді көр де қой.
Тай тулап үйірінен кетпес.
Антұрғанның сабағы ай далада таласар.
Тұлпар түбін табады.
Ат ұстаған азабынан құтылады.
Ат шаппайды, бақ шабады.
Арғымақ аттың баласы аз оттап көп жусайды.
Асыл ердің баласы аз сөйлеп көп тыңдайды.
Атты арбада көр,
Жігітті ордада көр.
Жігіттің сорлысын аттың жолдысы жеңеді.
Сиырға су көрсетпе,
Жаманға сый көрсетпе.
Болдырған сиыр молаға сүйкенеді.
Ешкілі қой өреген.
Қызды ауыл өсекшіл.
Бұрын шыққан құлақтан, кейін шыққан мүйіз озар.
Үре білмеген ит үйіне қонақ келтіреді.
Үрген ит кісі қаппас.
Ит жегенін құсады.
Ит ұлыса жамандыққа жоры.
Ит тұмсығы жерде жатпас.
Су жүйесін табар,
Мал иесін табар.
Бассыз берген мал мазақ,
Бақсыз берген тіл мазақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу