Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  47


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ТАЗША МЕН ҚЫЗ

Қырымда бір патша өткен дәулеті көп,
Лайық даулетіне сәулеті бек.
Мұқтажсыз дүниеде жан болыпты,
Бас иген дәулетіне әр адам кеп.
Болмады пақыр мүскін өз тұсында,
Кедейді байытады мал беріп көп.
Мизамын өзі әділ жүргізеді,
Құқықты барша жанға бірдей беріп.
Кедей байын білмеді бай кедейін,
Кедейге мал береді үшке дейін.
Үш рет бақытына мал өспесе,
Бәйтіл малға кіреді үштен кейін.
Халық тағат қылады өле өлгенше,
Зағиплық денесіне келгенінше.
Арада өз бетінше іс қылады,
Өнерін аямайды білшенінше.
Жетім-жесір бәйтіл малдан тамақ жейді,
Күтулі тәрбиеде ренжімейді.
Барлығы тәрбиенің сол мисалды,
Арыз бере алдына жан келмейді.
Бір күні патша үйінде отыр еді,
Әуеден екі қазды көзі көрді.
Біреуі қаңқылдады бірдеме деп,
Екіншісі қаңқылдап жауап берді,
Құс тілін осы патша біледі екен,
Сөзін ұғып құстардың жүреді екен,
Сөздерін ешкімге айтпай ұғып алған,
Ойланып мазмұнына күледі екен.
Ал патша жар шақырды жұртын жиып,
Келеді барларынша киім киіп.
Болған соң жұрт жиылып сөзін айтты,
Қандай жан шен алды патша сүйіп.
Екі қаз кеше түсте ұшып өтті,
Қаңқылдап бір-біріне мысқыл етті.
Екеуі бір-бірімен не сөйлесті,
Табыңдар білгендерің сөзін депті.
Егерде тура шешіп сөзін тапса,
Беремін күйеу қылып қызым депті.
Үш күнге жұртқа патша ұлықсат берді,
Тапқан жан үш күннен соң келмек болды.
Үш күнде таба алмаса жұрты болып,
Хабарын патшаға бермек болды.
Үш күнде хабар берді жұрт таба алмай,
Құс тілін қайдан білсін сабақ алмай.
Төртінші күн жиылды тағы халық,
Адамның қимылдаған бірі қалмай.
Біледі патша қызы құстың тілін,
Жиылған әлеуметке салды көзін.
Қандай жан мені тауып алады деп,
Көрсетпей сынап жүрді өзі өзі.
Бір кедей жолығады Тазша бала,
Сынаса білімі бар азша ғана.
Жанына шақырып ап сөз айтады,
Сендағы барасың ба падишаға,
Барғанда падишаға не айтасың,
Түзу тапсаң сөзіңді жөн айтасың.
Таба алмай босқа қайтсаң әуіре болып,
Қаһар етіп патша ұрысса неңді айтасың.
Мен де мұндай келемін көптің бірі,
Әншейін талабым бар етім тірі.
Болмаса өнерім жоқ сөз тапқандай,
Апатай естісеңіз сөздің шыны.
Мейірі қыздың түсті сонда бұған,
Құс тілін үйретейін бала саған.
Кім тапты десе мені айтпағайсың,
Айтар болсаң екеумізге болар жаман.
Бала айтты қой жайдым де кеше кеште,
Екі қазға ұшып жүрген көзім түсті.
Сөйлесті енді екеуі бір-бірімен,
Ертегі мына сөзді айтып ұшты.
Бағалы қандай жақсы кей еркектер,
Өткелектен жаман жарыне өткізеді.
Бағалы жақсы болса көп әйелдер,
Жаман ерін мұратына жеткізеді.
Сонда естіп құстың тілін менде келдім,
Қалайша мұратына жеткізер деп,
Мұны айтып басқа сөзді көп сөйлеме,
Қинаса да мен айтты деп сөйлеме.
Берік болсаң жетімім жетілерсің,
Айтып қойсаң бишара менен көрме.
Жарайды деп жетімек жүре берді,
Патшаға тізе бүгіп сәлем берді.
Келіпсің, жетімегім, түсің қашып,
Асығып не жұмысқа жүрсің екен.
Падиша әділ болса сөзін бұзбас,
Алдыңа келіп тұрмын мен пақыр жас.
Кешегі ұшқан қаздың айтқан сөзін,
Сізге баян етпесем енді болмас.
Сөйледі қыздың бұған айтқан сөзін,
Тақсыр-ау, екі қазды көрді көзім.
Бірінің сөзіне біреуі жауап берді,
Мал бағып отыр едім ұқтым сөзін.
Біреуі айтты: ерлері қандай жақсы болса-дағы,
Жаман әйелді өткелектен өткізед деп,
Егер жақсы бола қалса алған жары,
Жаман ерді мұратына жеткізед деп.
Мен келіп сізге бұрын хабар бердім,
Сандалып жүргеннен соң жиылған көп.
Мұны естіп патша қолға қылыш алды,
Жанына жетім бала жетіп барды.
Өлтіремін шыныңды айт кім айтты деп,
Балаға қаһарланып әлек салды.
Патшаның қаһарына шыдамады,
Тануға жөн таба алмай қиналады.
Болмастай болғаннан соң тілге нанбас
Үйретті өз қызың деп айтып салды.
Патша қызын шақырды ашуланып,
Қызды қысты қолына қылыш алып.
Сенен басқа құс тілін адам білмес,
Бір жетімге үйреттің тауып алып.
Қызына ат басындай алтын берді,
Қуалап сол жетіммен қоя берді.
Көрейін мұратына жеткендерің,
Қол астымда маған қарар болма деді.
Екеуі қол ұстасып кете барды,
Жиылған көп әлеумет қайран қалды.
Қоныстас бір патшалы елге келіп,
Шаһардың бір шетінен мекен алды.
Бір байдың мың ділдаға үйін алды,
Тамаша зиннатланған үй ыңғайлы.
Жері түгел бау-бақша бәрі дайын,
Көшесі жұрт жүретін бәрі жайлы.
Сарайы бір патшаның сарайындай,
Анбары бір патшаның анбарындай.
Мекен ғып екі-үш айдай бұлар тұрды,
Тұрады еш адаммен таныс болмай.
Қыз тазшаға бір ділда алтын берді.
Базардан бір келеп жіп әукел деді.
Жібектің күлтеленген шашақтысы,
Тұрады бір алтынға барсаң деді.
Базардан келеп жібек Тазша әкелді,
Өрнекті орамал қып тігеді енді.
Шығарып күнініде бір орамал,
Тазша апарып базарға сатады енді.
Сол шаһардың уәзірінің қанымы кеп,
Ормамалға он ділда заказ берді.
Дасдарқанда тігеді кесте салып,
Көрген жан таң қалады қолына алып.
Байыды біраз заман тұрғаннан соң,
Үйлерін зыннатлады түрге салып.
Байлыққа сол шаһардың алды болды.
Тазшаңыз бір есепті адам болды.
Әйелі көрінбейді еш адамға,
Тазшаға танытады оң мен солды.
Қырымнан көп саудагер бір күн келді,
Таза бұл бұл шаһардан алмақ болды.
Аралап саудагерлер дүкендерін,
Тазшаның дүкеніне бұлар келді.
Дүкеннен асыл бұйым нәрсе алады,
Орамал дастарқанға таң қалады.
Бұл шаһарды аралап неше күндей,
Бұл дүкеннен басқадан таба алмады.
Түскі асқа ләкпе жауып Тазша келді.
Болғанын жақсы сауда хабар берді.
Әйелі бұл хабарды естіген соң,
Қонаққа енді оларды шақыр деді.
Шақырып керуенді қонақ қылды,
Ішінде ағасы бар көзі көрді.
Салтанат тәртіппен меймандарын,
Баршасын бір кісідей күтеді енді.
Қайтарда ағасына киім берді,
Өте киім қымбаттан киіндірді.
Әкесіне тон берді жан көрмеген,
Сәлемдеме шешесіне көйлек берді.
Орамал дастарханмен тағы берді,
Керуен бұл құрметті қабыл көрді.
Керегін бұл шаһардан түгел алып,
Қырымға көп саудагер қайтады енді.
Еліне аман-есен бұлар барды,
Сатып алған нәрсеге жұрт таңғалды.
Бәрі де Тазша менен қыздан шыққан,
Қозғалмай бір дүкеннен сатып алды.
Патша ұлы әкесіне берді бұлын,
Тапсырды сәлемдеме қамқап тонын.
Шешесінің дастархан орамалын,
Сөйледі қыз бен жігіт көргендігін.
Ханым сонда қарады орамалға,
Бағасы тұратұғын дүние малға.
Кісіні осыны тіккен көрдің дер ме,
Жолықтың жолда жүріп қандай жанға.
Жігіт айтты әйелін көргенім жоқ,
Көрмесем де дүниеге көңілім тоқ,
Күйеуі бір бай патша өзі көпес,
Дүниеде ондай адам көргенім жоқ.
Жылады ханым сонда сөзін естіп,
Жылауын баса алмады өксіп-өксіп.
Барған үйің қызымның үйі екен,
Не себепті жолығып көрмедің деп.
Жібектен өрнек салған қарындасың,
Сыйлаған таныған соң сенің басың.
Теңіне Тәңір өзі қосқан екен,
Шаһардың алып еді бір Тазшасын.
Патшаға қатты тиді ханым сөзі,
Қызының сиапатын көрді көзі.
Енді ойына түседі падишаның,
Екі қаздың әуеде айтқан сөзі.
Келер жыл тағы болды жылдың басы,
Қырымның кәсібі мол көп саудасы.
Бас болып патша ұлы тағы жүрді,
Шаһардың малға толып бар кемесі.
Сәлем хат сауқат берді қыз шешесі,
Сағынды көргенінше өз шешесі.
Осы жолы анықтап жолыға кел,
Дейді де тапсырады қыз шешесі.
Саудагер тағы барды көрген елге,
Еңбегі кетпеген соң босқа желге.
Былтырғы байпатшаның дүкенінде,
Тапсыр деп хат береді саудагерге.
Сәлем-сауқыт шешесінен қыз алады,
Хат оқып амандыққа рахаттанды.
Қонаққа барамыз деп жазған екен,
Қызы да мұны естіп даярланды.
Қонаққа бір жылдан соң ханым келді,
Қызының жетілгенін көзі көрді.
Кем емес бір патшаның дәулетінен,
Тұрмысқа ішпей-жемей тояды енді.
Қызында бір ай ханым қонақ болды,
Жалғызын аман көріп көңілі толды.
Еліне аман-есен бара қалса,
Хабарды әкесіне бермек болды.
Еліне аман-есен ханым барды,
Қызынан әкеледі дүние малды.
Патшаның көңілі толды мұны көріп,
Қызының ақылына таң қалады.
Патша қызын қонаққа келсін деді,
Соңына жақындары ерсін деді.
Той қылам келгеннен соң өз еліме,
Зияпат бізден дағы көрсін деді.
Әкесі рұқсат берген соң,
Қызы келді қонаққа,
Қызының жүзін көрген соң,
Шыдамады толғаққа.
Неше жылдай көрмеген,
Қызын көрді бұл патша,
Аялап алды құшаққа,
Есіне түсті патшаның,
Қызы менен Тазшаны,
Бір кезде алған қыспаққа.
Өнері кемел болған соң,
Жетіліпті бұл шақта.
Жақсы бала әкені,
Шығарады ұшпаққа,
Білінбеген өнері,
Үйде отырған қыз шақта.
Мауқын басты жыласып,
Жүргеннен соң бір жақта,
Жар шақырды жұртына,
Қызына тойын қылмаққа.
Бұл тойға жиылыпты жанның бәрі,
Пақыр, мүскін жиылған жас пен кәрі.
Бай кедейін білмеді кедей байын,
Неше күндей зияпат көрді бәрі.
Патшаның күйеуіне көңілі толды,
Өнері мінезіне серік болды.
Мінезі парасаты ұнаған соң,
Дүниесін күйеуіне бермек болды.
Жетілді Тазша күйеу қызын алып,
Әуелде менсінбеген көзін салып.
Әйелдер біразырақ жиналыңдар,
Мысалдан мынау айтқан ғибрат алып.
Жақсы әйел жаман ерге жәрдемі көп,
Әйел ал шамаң келсе затын танып.
Әкем алып беред деп сеніп жүріп,
Жүрмеңдер ақырында босқа қалып.
Қай еркек жаман әйел қатын алар,
Өнер жоқ ол әйелді жөнге салар.
Әйтеуір жақсы еркектің әйелі боп,
Дүниеге шала-пұла бала табар.
Басы қара адамның бірі болып,
Тұқымы жақсы адамның азғынданар.
Жақсыдан жақсы бала туа алмаса,
Себебі азғындаудың содан болар.
Қазағым басты сүймей малды сүйді,
Талай жас қосыла алмай жанды-күйді.
Бұрынғы жауыз үкімет заманында,
Талай жан табиғатқа басын иді.
Ақылды жан қазақ та мыңнан біреу,
Сүйдірмей қызын беріп малды күреу.
Аралас махаббатсыз өмір өткен,
Қазақтың кемдігіне бұ да тіреу.
Атаң қазақ болғаннан бері қарай,
Бірінде болған емес түзу тілеу.
Азға көп қиянатты істей берді,
Қит етсе қол көтеріп қамшы білеу.
Бар болса бірен саран білген адам,
Тіл алдырмай ел ішінде жүрді жүдеу.
Қостайтын әділ үкімет тұсында жоқ,
Болғандай көмек беріп арқа күзеу.
Кейбіреу қатын алды жан есебі,
Дүние үй болмаса да бар есебі.
Түскеннен келіншек боп бері қарай,
Жөнделіп жиылмайды бір төсегі.
Сонда да ұл табат деп дәме қылар,
Тапқан ұл сапасы жоқ тірі мұңдық.
Саны көп босқа жүрген сапасыздан,
Табылар күткенмен қандай шындық.
Ер жетіп бай атанып сол сапасыз,
Едәуір тұқым жайып болды түндік.
Көбінде махаббатсыз туған ұлдан,
Өмірде іс шықпайды енді білдік.
Алайық мысал үшін басқа жұртты,
Саяси өнерменен асқан жұртты.
Құрият солар тұрған жерде болды,
Махаббат жолыменен асқан жұртты.
Үлгілі ұлттардың түрі қандай,
Сіз бен біз айтқан сөзі шекер балдай,
Кемдік жоқ мүшесінде бір зәредей,
Дүниеде іс қылмайды тағылым алмай.
Білімнің жолыменен өрнек салып,
Табады бейнет көрмей дүние малды-ай,
Өзіне өз өнері жеткеннен соң,
Кетеді басқаларға көзін салмай.
Мәдени көз салайық қандай халық,
Жүрмейік бізде содан кейін қалып.
Қатарға кірер уақыт енді жетті,
Техника үйренейік миға салып.
Сол жұрттан сірә бізде кем болмаспыз,
Білімге айналғанда жөнін танып.
Алға бас енді, халқым, кейін қалмай,
Шырағың тұрғанында заулап жанып.
Қырымның біз сөйледік әңгімесін,
Сөкпеңдер сөйледі деп мұны несін.
Кейінгі балаларға ермек үшін,
Сөйледім жақсы әйелдің мәселесін.
Ержан дейтін ақсақал затиы қозған,
Сөйледім жасымда ұққан бір кеңесім,
Болмаса қаламы олақ кейінгі жас,
Тарих болып бізден қала берсін.
1891 жылы естіп едім,
1933 жылы тәмам болды.
Ғадолла Жұманұлы – менің атым,
Тарихқа мирас қалсын жазған хатым.
Қаржаста Өтен Баян нәсілімін,
Сүйіндік ұлы атам арғы затым.
Өлі тілін тірі алмас дегендейін,
Кім ұғар мендей шалдың насихатын.
Еске алған жастар болса бұдан былай,
Бітеді сонда менің бар қажетім.
Балалар, сізде мендей шал боларсың,
Азырақ жазбаға сал еһтихатың,
Илаһи, мен тілейін жас тілегін,
Туғай деп дұрыс бала сөзді ұғатын.
Сөз атасын танитын бал болып,
Құмардан сөзін естіп жұрт шығатын.
Бұл тарих кейінгі жас сәлемдеме,
Жазды деп өкпелеме мұнша неге.
Ауыр, жеңіл болса да бар салмағы,
Пьеса бола алады екі үш перде.
Жабулы қалған кеңес көптен бері,
Естіген мәселе емес әр бір жерде.
Жас өрім қажетіңе жаратып ал,
Ұнаса көңіліңе жазған терме.
20.05.1933 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу